Гамбург тұрғындарының басым бөлігі 31 мамырда өткен референдумда қалада Олимпиада ойындарын өткізу идеясын қолдамады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.

Дауыстарды түпкілікті санау аяқталмай тұрып-ақ Гамбургтің бірінші бургомистрі Петер Ченчер дауыс беру нәтижесінің айқын екенін мәлімдеді. Соңғы деректер бойынша, дауыс бергендердің 54,9%-ы Олимпиада ойындарын өткізуге қарсы болса, 45,1%-ы бұл бастаманы қолдаған.

Ченчер Германияның спорт саласындағы ресми өкілдеріне «Гамбург Олимпиада ойындарын өткізуге берген өтінімін қайтарып алатынын» хабарлады. Сонымен қатар ол референдум қорытындысы билік үшін міндетті түрде орындалуы тиіс шешім екенін атап өтті.

Референдумда дауыс беру құқығына 16 жастан асқан 1 315 800 Гамбург тұрғыны ие болды. Сайлау комиссиясының мәліметінше, олардың шамамен 650 мыңы немесе 49,5%-ы дауыс берген.

Еске салайық, 2015 жылы да қала тұрғындары Олимпиадаға өтінім беруге қарсы шыққан еді. Сол кезде референдумға қатысқандардың 51,6%-ы қарсы дауыс берсе, 48,4%-ы қолдау білдірген.

Гамбургтің 2036, 2040 немесе 2044 жылдардағы жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізуге арналған өтінімі кері қайтарылғаннан кейін Германия атынан үміткер мәртебесі үшін Мюнхен, Берлин және орталығы Кёльн қаласында орналасқан Рейн–Рур өңірі бақ сынайды. Түпкілікті шешімді Германия Олимпиадалық спорт одағы (DOSB) 26 қыркүйекте қабылдайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!