Фото: Анадолы

Израиль армиясының Газа секторына 7 қазанда бастаған соққысы салдарынан 17 700 адам қаза тапты. Бұл туралы Анадолы агенттігі Газа денсаулық министрлігінің баспасөз хатшысы Ашраф аль-Кудраға сілтеме жазды, деп хабарлайды Кazinform.

Ажал тапқандардың арасында 295 медицина маманы, 84 тілші бар.

Ашраф аль-Кудраның мәліметіне сәйкес, палестиналық эксклавта кейінгі тәулікте 213 адам қайтыс болды. Жарақат алғандар саны 48 780 адамға жетті.

Израиль армиясының соққысы 132 медициналық ұйымның ғимаратын зақымдады. 22 аурухана мен 46 медорталық жұмысын тоқтатты.

Израиль – Палестина шиеленісі

Биылғы 7 қазанда палестиналық ХАМАС ұйымы Израильге қарсы операция бастағанын мәлімдеді.

Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған ракета ұшырылды, қаруланған топтар изральдік елді мекендерге басып кірді. ХАМАС бұл операция Шығыс Иерусалимде оккупацияланған Әл-Ақса мешітіне жасалған шабуылға және израильдіктердің палестиналықтарға қарсы артып келе жатқан зорлық-зомбылығына жауап екенін айтты.

Өз кезегінде Израиль ХАМАС-қа қарсы жауапты операция бастап, оның соңы Газа секторындағы халықты жаппай қыруға ұласты. 27 қазанда Израиль Газаға құрлықтағы әскерімен соққы жасауға көшті.

Бүгінде Газаның 2,3 млн тұрғыны эксклавтың толық қоршауда қалуынан азық-түлік, су, дәрі-дәрмек тапшылығынан зардап шегіп отыр.

Мыңдаған ғимарат, соның ішінде ауруханалар, мешіттер мен шіркеулер зақымдалды немесе толығымен қирады.

Соғыс басталғалы Израильде қаза болған адамдар саны 1200-ге жуықтады.

ХАМАС пен Израиль арасында 24 қараша күні таңертең күшіне енген «Гуманитарлық үзілік» 1 желтоқсанда таңертең аяқталды. Осы күндері екі тарап тұтқынға алынған ондаған адаммен алмасты.

Бітім туралы уақытша келісім аяқталысымен Израиль газаға қарсы шабуылын жалғастырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!