NBC News телеарнасының Meet the Press бағдарламасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы санкцияларды жеңілдету мәселесі тек бейбіт келісім жасалғаннан кейін ғана қарастырылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бұл кейін болады. Егер олар өзін дұрыс ұстап, тиісті қадамдар жасаса, біз бұл мәселені талқылай бастаймыз, – деді АҚШ президенті.
Сонымен қатар Ақ үй басшысы Вашингтонның Иранмен ықтимал қысқа мерзімді келісімге Ливанның қатысуын міндетті шарт ретінде қоймайтынын мәлімдеді.
– Меніңше, олар мұны қалар еді, бірақ мен ондай талап қоймаймын, – деді Трамп.
Трамп Израильді Ливандағы «Хезболла» қозғалысына қарсы «дәлірек және нысаналы» соққылар жасауға шақырды.
– Мен Ливандағы жағдайдың жақсарғанын, «Хезболлаға» қарсы соққылар нақтырақ болғанын қалаймын. Олар анағұрлым дәл бағытталуы керек деп ойлаймын, – деді АҚШ көшбасшысы.
Сұхбат барысында ол Иранның жоғарғы жетекшісі Моджтаба Хаменеимен тікелей келіссөз жүргізуге дайын екенін де жеткізді. Алайда оның нақты қайда жүргені туралы сұраққа жауап бермеді.
– Оның қайда екенін білетін-білмейтінімді айтқым келмейді. Бірақ білуім әбден мүмкін, – деді ол.
DW басылымының хабарлауынша, мамыр айының соңында Axios АҚШ пен Иран өкілдері ақпан айының соңынан бері жалғасып келе жатқан әскери қақтығысты реттеуге бағытталған негіздемелік келісім бойынша алдын ала уағдаластыққа келгенін жазған.
Дегенмен Дональд Трамп әзірге бұл келісімді қолдамаған. Дереккөздердің мәліметіне сәйкес, Вашингтон Тегеран ядролық қару әзірлеу бағдарламасынан толық бас тартқан жағдайда ғана мәмілеге келуге дайын.
Өз кезегінде Иран билігі АҚШ-пен соғысты тоқтатуға қатысты түпкілікті келісімге әлі қол жеткізілмегенін мәлімдеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
