Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

KAZINFORM – Тұманды Альбионда Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мәдени-достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған Қазақ орталығының ашылу салтанаты өтті. Орталық көркем тіліміз бен ұлттық дәстүрлерімізді  жергілікті жұртшылықпен кеңірек таныстыруды және сол елдегі қазақтардың басын біріктіруді мақсат етеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Ұлыбританиядағы қазақтардың саны жылдан-жылға артып келеді. Озық оқу орындарында білім алып жатқан студенттер және жергілікті компанияларда уақытша жұмыс істейтін отандастарымыз көп. Жырақта жүрсе де, жүрегі туған жер деп соғады. Қазақ орталығы ең алдымен сол қазақтардың басын біріктіруді мақсат етіп отыр. 

«Жалғыз Түркиядан келген қазақ диаспорасы емес, Қытайдан, Моңғолиядан, Қазақстаннан, әртүрлі мақсатпен келгендер бар. Осыжақта 250-ден астам қазақ қыздары бар, олар британиялықтарға тұрмысқа шыққан. Солардың басын құрап, қазақ мәдениетін, қазақ дәстүрін, қазақ тарихын, қазақ жастарына болсын, соларға үгіттеп жатырмыз», – дейді Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының төрағасы Исмаил Кесижи.

Шетелдіктердің қазақ мәдениеті мен өнеріне деген қызығушылығы зор. Димаш Құдайбергеннің танымалдылығы артқалы бері тіпті көбейген. Ресми тіркелген жанкүйерлерінің саны мың жарымнан асып жығылады. Сүйікті әншісінің әндерін түсіну үшін қазақ тілін үйреніп жүр. Бүгінгі іс-шарада олар ұлтымыздың әдет-ғұрыптарымен танысты.

«Қуаныш кезінде кәмпит шашатын дәстүр бар екенін білдім. Бұдан бөлек ұлттық аспап – домбыраның үнін естідім», – дейді Уорик университетінің студенті, Түркия азаматы Хан Арал.

«Қазақтардың қонақжайлығы ұнады. Жақын танымаса да, дастарқанға шақырып, құрмет көрсетіп жатыр», – дейді Уорик университетінің тағы бір студенті, Пәкістан азаматы Шахим Джаффри.

Орталықтың ашылуы Уорик университетіндегі қазақ жастарының балымен тұспа-тұс келді. Жыл сайын өткізілетін іс-шара биыл да Ұлыбританияның түкпір-түкпірінде оқып жатқан студенттердің басын қосты. Олар қазақ тілінде ән шырқап, би биледі.

«Бұл іс-шараны студенттердің өздері ұйымдастыратыны қуантады. Олар білім алып қана қоймай, көпшілікпен араласып, көкжиегін кеңейтеді. Елшілік мұндай бастамаларды әрдайым қолдап отыруға дайын», – дейді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов.

Орталық қазақстандық дарынды жас музыканттарды Ұлыбританияға шақырып, өнерін насихаттау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, отандық кәсіпкерлердің өнімімен жергілікті халықты таныстыру да ойластырылып жатыр. Орталық қызметкерлері қазақтың билері мен киімдерін трендке айналдыруды мақсат етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!