Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жомарт саяжайында бір отбасының төрт адамы газға уланып, көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1970 жылғы үй иесі мен оның үш ұлы ұйықтап жатып уланған. Бәрі қайтыс болды. Бұл уақытта марқұмның әйелі – балалардың анасы үйде болмаған. Ол түнгі ауысымда жұмыс істеп, таңертең үйіне оралғанда туғандарының денесін тапқан.

 Балалардың үлкені 13 жаста болса, екеуі 8 жаста.

«Отбасы бұл саяжайға екі ай бұрын Тараз қаласынан көшіп келген. Қаза тапқандардың анасы 1973 жылы туған азамат Іле ауданындағы мектептердің бірінде аспаз болып жұмыс істейді. Қайғылы жағдай болған күні марқұм күйеуі таңғы сағат 5-те жұбайын жұмысқа апарып, үйіне қайтады. Шамамен 16.00-де жұмыстан қайтқан әйел оларды өлі күйінде тапқан. Марқұмдар пропан газы баллонынан уланған», — деді баспасөз қызметіндегілер.

Анықталғандай, ер адам үйіндегі газ-пешіне 25 литрлік газ баллонын өз қолымен қосып қойған.