Солтүстік Қазақстан облысының 53 жастағы тұрғыны анасын пышақтап өлтіріп, өзін де жарақаттады деген күдікпен қамауға алынды. Жантүршігерлік оқиға Қызылжар ауданының Архангельское ауылында тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

2022 жылғы 12 қазанда Қызылжар аудандық полициясының кезекші бөліміне Архангельское ауылында 1941 жылы туған әйелге пышақ жарақаттары келтірілгені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді.

«Жәбірленуші жедел жәрдем көлігімен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Алайда, алған ауыр жарақаттардан қайтыс болды. Осы қылмысты жасады деген күдікпен марқұмның ұлы, Қызылжар ауданының 1966 жылы туған тұрғыны ұсталды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады», – делінген Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жолдаған хабарламада.

Күдіктінің өзіне салған жарақаты жеңіл болып шықты. Дәрігерлер тиісті медициналық көмек көрсеткеннен кейін науқас ауруханадан шығарылған. Қазір ол тергеу изоляторында.

Соңғы уақытта Солтүстік Қазақстанда осы сынды қылмыстар жиіледі. Мәселен, биыл шілде айында Айыртау ауданының тұрғыны балаларының көзінше алдымен әйелін атып, артынша өзін де өлтірген еді. Ал 18 қазан күні Есіл ауданында тұратын 24 жастағы жігіт асқан қатыгездікпен өгей әкесін пышақтап өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Ішек-қарыны ақтарылып қалған ер адам оқиға орнында қайтыс болған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!