Иранда хиджабты дұрыс кимегені үшін полиция тұтқындап, артынша көз жұмған Махса Аманидің өлімінен кейін жаппай наразылық акциялары басталған. Әйелдер көшеде хиджабтарын шешіп, көптің көзінше өртеп жіберген. Наразылық акциясы кезінде бірнеше қыз полиция қолынан ажал құшты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап. 

22 жастағы Хадис Наджади 21 қыркүйекте наразылық акциясына қатысқан. Алайда бір сағаттан кейін оқ жарақатын алып, көз жұмды. 

«Қызымды хиджаб үшін, Махса Амини үшін өлтірді. Ол наразылық акциясына шыққан. Оқ ішіне, жүрегіне және мойнына тиген. Денесі мен бетінде көгерген іздер бар», – деді Хадистің анасы. 

Билік Хадисті көпшілікпен бірге жерлеуге рұқсат бермеген. Сонымен қатар отбасына қызды жол апатынан көз жұмды деп айтуға бұйырған. 

55 жастағы Мину Маджиди наразылық кезінде 20 қыркүйекте көз жұмған. Кейін қызы анасының зиратында түскен суретін жариялады. Суреттен қыздың шашын қиып, қолында ұстап тұрғанын көруге болады. Ол мұны хиджабқа қарсылығы ретінде жасаған. 

Еске салайық, бұған дейін Иранның рухани көсемі Әли Хаменей елдегі үлкен наразылықтар туралы пікір білдірген еді. Әли Хаменей Амини қайтыс болғаннан кейін басталған елдегі көтерілістерді «жоспарланған тәртіпсіздіктер»деп мәлімдеді. Оның пікірінше, мұның бәрін АҚШ пен Израиль ұйымдастырған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!