Шымкентте 42 мектеп асханасын жалға алушының құқы қорғалды. Олар ас мәзірі туралы ақпаратты жариялау үшін білім басшылығына ақы төлеп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық филиалы ақпаратына сүйенсек, mektepmenu қызметін пайдаланғаны үшін білім басқармасы қызметкерлері кәсіпкерлерден ақы алып келген. 

“Білім басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау аясында мектеп асханаларын жалға алушыларға mektepmenu-де мәзір туралы ақпаратты жариялау үшін қызметтерге ақы төлеу бойынша артық талаптар анықталды. Нормативтік талаптарға сәйкес, мектеп мәзірін орналастыру білім беру мекемелеріне жүктелгендіктен, қалалық Антикор аталған тәжірибені тоқтату туралы ұсыныстар енгізді. Антикор мен әкімдіктің бірлескен жұмысының қорытындысы бойынша mektepmenu.kz қосымшасын пайдаланғаны үшін 42 мектеп асханаларын жалға алушылардан ақы алу тоқтатылды”, – делінген ақпаратта. 

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте мектептің бас бухгалтері 67 миллион теңгені жымқырғанын жазған едік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!