Мемлекет басшысының Жарлығы аясында бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының халқымен кездесті. Жиынға Сыр еліне арнайы келген Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Эльдар Күзенбаев қатысты.

Аймақ басшысы өңірді дамытудың перспективалық қадамдарына тоқталып, тұрғындар үшін өзекті саналатын инфрақұрылым тарту, қоғамдық көлік мәселелерін тізбектеді.

– Халықтың әл-ауқатын арттырудың тағы да бір өлшемшарты – инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту. Әлемдік стандарттарға сай әуежайымыз да заманауи сипатқа ие болуы керек. Жерлесіміз Болат Өтемұратовтың демеушілігімен жаңа әуежай терминалын саламыз. Өңірде қоғамдық көлік мәселесі де өзекті. Биыл Қызылорда қаласына үлкен сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус алынады. Жақын күндері Қызылорда қаласында облыстық қан орталығының құрылысы басталады. Келер жылы 100 келушіге арналған емханасымен бірге 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы салынады. Алдағы кезде облыс халқы үшін заманауи үлгідегі жаңа нысандарды саламыз. Облыс орталығынан неке сарайы, өнер орталығы бой көтеретін болады. «ҚазГерМұнай» кәсіпорны қаланың сол жағалауынан «Оқушылар сарайын» салып беруді өз міндетіне алды, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі өткен айда өңірімізге жұмыс сапарлары аясында Ұлттық экономика және Энергетика министрлері бірқатар маңызды жобаға қолдау білдіргенін жеткізді. Соның бірі – құны 215 млрд. теңгені құрайтын, қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электр станциясын салу. Жоба 2025 жылы жүзеге асады.Биыл Қызылорда қаласын сумен жабдықтау үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 жоба және облыстық бюджет есебінен 4 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.Қаланың жаңа тұрғын аймағын дамыту мақсатында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы «Гүл бульварын» абаттандыру үшін жобалық құжаттары әзірленуде.Кездесуде газдандыру мәселесі де айтылды. Қаладағы Наурыз, Махамбетов елді мекендерін газдандыру жұмыстарын келесі жылы аяқталмақ және Қосшыңырау ауылдық округі Абай ауылын газдандыру бойынша Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінімдер ұсынылған.Басқосу барысында өңір басшысы облыс орталығындағы жол инфрақұрылымын дамыту бойынша кеңінен тоқталды. Қызылорда қаласында 34 шақырым жолын жөндеуге 5,1 млрд. теңге қаржы қаралған. Мұнан бөлек, облыс орталығының 19 көшесіне жаяу жүргіншілер жолы төселіп, қаланың орталық көшелері жарық диодты шамдармен безендіріледі. Сондай-ақ, 13 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық бюджет есебінен қаланың 10 көшесінің қиылысына бағдаршамдар орнатылатын болады.

Аймақ басшысы биылға жоспарланған жұмыстарды жүйелі іске асыру мақсатында арнайы Іс-қимыл жоспарының бекітілгенін, ондағы әрбір жобаның құрылысы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілетін кезектілік тізімі негізінде ғана орындалуы тиіс екенін жеткізді.Басқосу соңында облыс әкімі қала тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Қала азаматтары қоғамдық көлік, жол сапасын жақсарту, ауыз су желілерін тарту және денсаулық сақтау саласына қатысты көкейкесті сауалдарын жолдады. Халықпен кездесуден кейін Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдап, жауап берді.