Соңғы жылдары қалтасына сенген қалың топтың адамдары үшін кітап шығару ойыншыққа айналғанын байқап жүрміз. Дегенмен адамзатқа пайдасы тиер тың туындылар аз емес. Әлемнің әйгілі кітап журналы Blinkist психология мен жеке тұлғаны қалыптастыру бағытындағы кітаптардың рейтингін жариялаған болатын. Яғни, бұл кітаптар өзін қолға алған кез келген адамның өмірін өзгерте алады. Ендеше, үздік бестікке тоқталып өтейік.

Алғашқы орында Эми Мориннің «Күшті адамдар қашатын 13 нәрсе» кітабы тұр. Рухы мықты, қиындыққа қайыспайтын, жетістікке жеткен адамдардың не істемеуге тырысатынын, неден қашатынын білу арқылы ақылдың күші неде екенін анықтай аламыз. Психотерапевт және кәсіби клиникалық әлеуметтік қызметкер Эми Морин бұл мәсе­лені кәсіби тұрғы­дан зерттеп, күшті тұлғалар аулақ болатын нәрселер­дің тізімін жасаған. Өмірінде түрлі қайғылы оқиғаларды бастан кешірген американдық әйел кітабында  өз тәжірибесімен бөлісіп, өмірден үйлесімділік тапқысы келетіндерге, өзімен жұмыс жасауға дайын адамдарға практикалық кеңестер айтады.

Дейл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру құпиялары» екінші орынға жайғасты. Американдық психолог, педагог және жазушы Дэйл өз бойымыздағы үрей, сенімсіздік, қорқыныш, сынды керітартпа қасиеттерден арылып, көңілдегі алаңды жеңуге адамның ерік жігері де, қабілеті де жететінін өмірдегі шынайы оқиғалармен мысал келтіру арқылы түсіндіреді.

Бұл еңбек өткен жылы «Мазмұндама» қорының бастамасымен тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып, оқырмандарға жол тартты. Адамның болмысы, табиғаты қашанда маңызды болғандықтан, Дейл Карнегидің кеңестерімен танысқан жер шарының миллиондаған тұрғыны өз өмірін өзгертіп, бақытты болудың формуласын тапты. Қазақ оқырмандарын алаңдатқан мәселелерді де жан-жақты саралап, шешім табуына септігін тигізеді деген үміттеміз.

Клейтон Кристенсеннің «Өмір сүру стратегиясы» үздік үштікті қорытындылайды. Кітапта адам баласын ерте ме, кеш пе, мазалайтын сұрақтарға жауап беріледі. «Неліктен материалдық дүниенің ізінен қуып, лауазымның соңында кеткендер бақытқа жете алмайды? Неге ең жақын адамдарымыз бізді түсінбейді? Неліктен біз ұмтылған мақсаттар көңілге күйбең сыйлағаннан басқа түк әкелмейді?» Осы және басқа да көптеген сұрақтардың шешімі мен өзге мәселелерді Гарвард бизнес мектебінің түлектерімен өткен кездесулерінен кейін менеджер Клейтон Кристенсен өз кітабында басты тақырып ретінде көтереді.

Ол табысты болудың көлеңкесінде әріптестерінің көпшілігі бақытсыз екенін мойындайды. Бірақ неге үлкен коорпорациялардың, компаниялардың стратегиясын жасайтын ақылды адамдар өз өмірінің стратегиясын меңгере алмады? Кеңес берудің орнына Кристенсен өмірімізді өте оңай басқарудың теорияларын қолдануға шақырады.

Кен Робинсонның «Бейімділік» кітабы төртінші орында тұр. Кітаптың қысқаша мазмұнына тоқталсақ. Өмір – сынақ. Адам баласының бәрі де зардап шегеді. Нақтырақ айтсақ, арманы тағдырымен тоғыспағандардың бәрі өмірден таяқ жейді. Өзінің сүйікті ісін, сүйікті адамын, өмірден өз орнын тапқандардың барлығы – бейімділігіне қарай жолын нақтылай алғандар. Білім беру жүйесі бұған ешқандай ықпал жасамайды, табиғи бейімділікті жетілдіруге көмектеспейді, тіпті, кей таланттарды түп тамырынан жойып тастайды. Автор кітабы арқылы өмірлік бейімділікті қалай табуға болатынын, басқаларға қалай көмектесуге болатынын айтады.

Даниэль Големанның «Эмоционалды интеллект» туындысы үздік бестікті қорытындылап тұр. Американдық психолог және эмоционалды интеллект саласының сарапшысының айтуынша, түрлі жағдайда туындайтын адамның эмоциялары отбасылық өмірде және жұмыста сәттілікке жолығуына үлкен көмегін тигізеді. Алайда  «эмоционалды интеллект дегеніміз не? Біз оны өлшей аламыз ба? «Кәдімгі» интеллектінің «эмоционалдыдан» айырмашылығы неде? Неге қарапайым интеллектуал адамдар жетістікке жетуде «эмоционалды интеллект» иелеріне жиі жол береді?» Осы сынды сан түрлі сұрақтардың жауабы мен адам өміріндегі эмоциялардың маңызын Големанның кітабынан оқи аламыз.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!