2025 жылға дейін Қазақстанда 11 мың шақырым жолда ақылы төлем жүйесі кезең-кезеңімен енгізілмек. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта ақылы учаскелердің ұзындығы 2,2 мың шақырымға жетіп отыр. Осы бағытта биыл жыл басынан бері бұл жолдардағы жалпы алымдар 4 млрд теңге болды. Нормативтік жағдайға келтіргеннен кейін, ақылы жолдарды 2,5 мың шақырымға созылатын II санаттағы автожол учаскелерінде енгізу жоспарланып отыр. Бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіле бастады. Жалпы, 2025 жылға дейін жол учаскелерін реконструкциялауды аяқтау мерзіміне қарай 11 мың шақырымға ақылы төлем жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр», – деді Қ. Өскенбаев.

Министрлік мәліметіне қарағанда, алдағы уақытта «Қызылорда – Арал», «Ақтөбе – Орал», «Ақтөбе – Орынбор», «Қайнар – Бішкек», «Жетібай – Шетпе – Бейнеу – Ақжігіт», «Павлодар – Семей», Астана қаласының Солтүстік айналма жолы, «Орал – Саратов», «Көкшетау – Петропавл», «Астана – Атбасар», «Павлодар – Омбы», «Семей – Қалбатау» жолдары қамтылмақ.

Қазіргі кезде ақылы жол 11 учаскеде енгізілген. Атап айтқанда, «Астана – Бурабай», «Астана – Теміртау», «Алматы – Қонаев», «Алматы – Қорғас», «Қонаев – Талдықорған», «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Ташкент», «Шымкент – Қызылорда», «Щучинск – Көкшетау», «Астана – Павлодар». Жеңіл автомобильдер үшін тариф – 1 шақырымға 1 теңге, жүк көліктерге 1 шақырымға 25 теңге.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!