Қызылордада күйеуінің қолынан қаза тапқан үш баланың анасының туыстары қылмыскерге жазаны қатайтуды, сондай-ақ қылмыстың алдын алуға болатынын біле тұра еш әрекет жасамаған полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Instagram әлеуметтік желісіндегі Nemolchi.kz парақшасында жазылды.

Желіде жарияланған жазбаға сүйенсек, қылмыс Қызылорда қаласының орталығындағы дәмхана мен полиция бөлімшесі орналасқан Өсербаев көшесінде болған. Оған қарама-қарсы көптеген дүкендер мен тәулік бойы жұмыс істейтін пәтерлерді сағатына және күніне жалға беретін агенттіктер орналасқан, сондықтан туыстарының айтуынша, бұл қылмысты көп адам көрген.

«Ажардың денесінде көгерген, кесілген орындар болды, қабырғалары сынған. Шамасы әйелдің денесін асфальт үстімен сүйреткен секілді, өйткені оның шашында кірдің белгілері бар. Үйдің ішіндегі бөлме қанға боялған. Барлық жері қанға бөккен: қабырғада, киімде, еденде де. Оны қалай азаптағанын ойлаудың өзі қорқынышты. Ажар аса қатыгездікпен өлтірілгендіктен, біз 99-баптың 1-бөлігін 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағына өзгертуді талап етеміз. Сондай-ақ аса ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметіндегі әрекетсіздігі және қылмысты жасырғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 370-бабының 4-бөлігімен және 433-бабының 3-бөлігімен полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалсын», – деп талап етеді олар.

Сонымен қатар марқұмның жақындары полицияға арызданбаған, тиісті қызметтерге хабарласпаған дәмхана қызметкерлерін, сондай-ақ құқық бұзушының туыстарын жауапқа тартуды сұрайды.

Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі 3 қыркүйекте Шәдиеваның өлімі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі («Кісі өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

«Тергеу барысында қылмысқа қатысы бар тұлға анықталып, тергеу сотының санкциясымен оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», – деді жауапты мекеменің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қызылорда облысы бойынша департаменті полиция қызметкерлеріне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабының 1-бөлігі (салғырттық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқаны мәлім болды.

Еске салайық, аса қатігездікпен адам өлтіру оқиғасы 3 тамыз күні Қызылордада орын алған еді. Полиция қайғылы оқиғаға қатысты күдіктіні, жәбірленушінің 29 жастағы күйеуін ұстады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!