Елімізде ауыр сырқатқа ұшыраған сотталушыларды сот залынан бірден босату ұсынып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте тиісті заң жобасын таныстырған ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Норма жазасын өтеп жатқан адамдарға ауыр аурулары болған кезде адамгершілікпен қарауға бағытталған. Қылмыстық-процестік кодексінің 471-бабына сотталғанды босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін ауруына байланысты жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы сот қаулысын дереу орындауды көздейтін толықтыру енгізу ұсынылады», – деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде әртүрлі ауыр сырқаттармен ауыратын сотталғандарға арналған материалдар Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Арнайы медициналық комиссиясының қорытындысынан кейін сотқа ұсынылады. Бұл ретте оларды сотта қарау және қаулының заңды күшіне енуі белгілі бір уақытты алады. Мәселен, 2015 жылдан бастап 2022 жылға дейін 441 науқас сотталғандардың 75-і соттардың материалдарды қарауына дейін өмір сүрмеген. Ал 31-і сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін қайтыс болған.

«Осыған байланысты сотталғандарды оларда ауыр сырқаттар болған жағдайда тікелей сот залынан босату ұсынылады», – деді Марат Қожаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!