Ата-аналар кешкі 20-21 сағат арасында балаларын еркелетіп, фото мен видео түсіріп мұғалімдерге жіберуі керек екен.

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысы әкімінің балаларды еркелетіп бейнежазба түсіру керек деген тапсырмасы қызу талқыға түсті. Бұл туралы белгілі журналист, көпбалалы ана Мөлдір Анарбаева өзінің инстаграм парақшасында жазды, деп хабарлайды Orda.kz.

Ата-аналар кешкі 20-21 сағат арасында балаларын еркелетіп, фото мен видео түсіріп мұғалімдерге жіберуі керек екен.
Хатта Жамбыл облысы әкімінің арнайы тапсырмасымен «Еркелету сағатын» өткізуді бұйырған.

Осы ақпарат шыққаннан Orda тілшісі ауыл-аймақтардағы ата-аналармен хабарласты. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Бота әкімдіктің жаңашылдығы туралы айтып берді.

    – Иә, бізге де жіберген. Менің ойымша, еріккеннің тірлігі. Әр ата-ана өз үйінде өздері үшін еркелетеді, ол мұғалімдер үшін еркелетпейді. Біреуге көрсету үшін, біреуге бірдеңе дәлелдеу үшін еркелетпейміз. Өзіміз үшін еркелетеміз. Ол мұғалімдерге не үшін керек? Өткенде бізге де айтқан суретін салып жіберіңіздер деді. Өзім үшін еркелетем, оны жұртқа көрсетемін бе, көрсетпеймін бе «это моё дело». Олар «показуха» жасайын деп жатыр, – деді ол.

Бастама тек ұсыныс ретінде берілген. Жазба және фото түрінде ешқандай есептер сұралмайды. Бастаманың мақсаты – ата-ана мен баланың арақатынасын нығайту, отбасы тәрбиесін күшейту және жасөспірімдер арасындағы теріс әрекеттердің алдын алу.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!