Алматыда ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бөлімшелері арнайы операция барысында астыртын ойынхана ұйымдастырған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, жасырын казино Алматыдағы Бостандық ауданындағы көпқабатты үйдің жертқөлесінде болған. Ойыншылар казиноға арнайы құпия сөз арқылы кіріп жүрген. «13 қарашаға қараған түні ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бөлімшелері Сәтпаев көшесінің бойында жасырын казино ұйымдастырған қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы іс-шара өткізді. Арнайы операция кезінде 20-дан астам ойын жабдығы, ірі көлемдегі ақша, келушілердің аты-жөні жазылған тізім, ақшаның кіріс-шығыс жазбалары бар құжаттама тәркіленді. Қылмыстық әрекеттен түскен кірістің шамамен сомасы күніне 5 миллион теңгеден асып отырған», – деп хабарлады ведомство өкілдері. Арнайы операция кезінде казинода 20-дан астам келушілер болған, олардың арасында 30 жылдық тәжірибесі бар ойыншылар да анықталды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 307-бабы 1-бөлігімен («Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру») қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта казино иесін анықтап, жауапкершілікке тарту бойынша жедел шаралар жүргізілуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!