Qaz365.kz. Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылау жұмыстары 2023 жылы басталғанымен, алғашқы кезеңде бұл мәселе қоғамда аса талқылана қойған жоқ. Соңғы айларда азаматтардың мобильді аударымдарын бақылау тақырыбы қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Салық реформасы аясында билік күмәнді операцияларды анықтау өлшемдерін бірнеше рет өзгерткендіктен, жаңа талаптар күшіне енгеніне қарамастан, жұртшылық арасында әлі де сауал толастар емес.

Qaz365.kz мемлекет азаматтардың ақша аударымдарын қалай қадағалайтынын, бұл жүйенің қазір қалай жұмыс істеп жатқанын және талаптарды бұзғандардың қандай жауапкершілікке тартылатынын баяндайды.

Қазақстанда мобильді аударымдарды тексеру жүйесі 2023 жылы іске қосылды. Үш жыл бұрын банктер Мемлекеттік кірістер комитетіне мемлекеттік қызметкерлердің қаржылық операциялары туралы мәлімет бере бастады. Бір жылдан кейін бұл тәжірибе мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін барлық қызметкерлерге қолданылды. Ал 2025 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер, компания басшылары және олардың отбасы мүшелері бақылауға алынды. Әр санат бойынша банктер өткен жылдың деректерін негізге ала отырып талдау жүргізді.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2025 жылдың басында таратқан хабарламада:

«Бұл шара жасырын табыстарды және тіркелместен кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларды анықтауға бағытталған. Себебі кейбір кәсіпкерлер тауар, жұмыс немесе қызмет үшін төлемдерді кәсіпкерлікке арналмаған жеке шоттарына мобильді аударым арқылы алады», — деп түсіндірген болатын.

Келесі кезеңде барлық қазақстандық резиденттер бақылауға алынуы тиіс еді. Алайда осы уақыт аралығында күмәнді аударымдарды анықтау талаптары бірнеше рет өзгертілді.

Бастапқыда қатарынан үш ай немесе одан да ұзақ мерзім ішінде жүзден астам әртүрлі адамнан қаражат түсуі салық органдары үшін дабыл қағатын сәт еді. Мұндай тұрақты төлемдер азаматтың іс жүзінде кәсіпкерлікпен айналысып, клиенттерден төлем қабылдап отырғанын көрсетуі мүмкін деп есептелді.

2024 жылдың желтоқсанында талаптарға тағы бір көрсеткіш қосылды. Енді аударымдардың саны ғана емес, олардың жалпы көлемі де есепке алынатын болды. Алғашында шекті қаражат 255 мың теңге болып белгіленді. Бұл сол кездегі үш ең төменгі жалақы мөлшеріне тең еді. Алайда бір айдан кейін бұл шек бірден 1,02 миллион теңгеге дейін көтерілді. Сонымен қатар бұл қаражат бір ай емес, қатарынан үш ай ішіндегі түскен қаражат бойынша есептелетін болып өзгертілді.

Түзетулерді әзірлеушілер жаңа межені жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге қажетті ең төменгі жылдық табыс көлемімен байланыстырды. Заңнама бойынша мұндай табыс 12 ең төменгі жалақы мөлшеріне, яғни 1,02 миллион теңгеге тең болуы тиіс.

Реформа барысында түрлі қайшылықтар мен түсініксіз жайттар да аз болған жоқ. Бір талапқа қатысты өлшемдерді әр кезеңде әртүрлі мемлекеттік органдар әзірледі. Әуелі Мемлекеттік кірістер комитеті, кейін Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк айналысты. Соған қарамастан мемлекеттік органдар халықты сабырға шақырып, жаңа ережелердің мақсаты тіркелместен кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарды анықтау екенін бірнеше рет мәлімдеді. Ресми түсіндірмелерге зер салсақ, туыстар мен таныстар арасындағы кәдімгі ақша аударымдары бақылауға алынбауы тиіс. Дегенмен кей жағдайда аударым жасаған адаммен таныстық немесе достық қарым-қатынасты дәлелдеу оңай емес. Өйткені бәрі бірдей әлеуметтік желіде белсенді емес немесе тұрақты хат алмасып отырмайды.

Қоғамдағы алаңдаушылықтың тағы бір себебі — шағын бизнестің онлайн аударым арқылы жасалатын төлемді қабылдаудан бас тартуы мүмкін деген қауіп болды. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай әрекет тұтынушылардың құқықтарын бұзатынын және оған шағымдануға болатынын арнайы түсіндірді.

Салық органдарының жыл сайын бақылауға алынатын азматтардың, яғни қоғамдағы бір топтардың аясын кеңейтуінде де белгілі бір жүйесіздік байқалды. Мәселен, 2025 жылдан бастап тексеру жеке кәсіпкерлерге бағытталғаны айтылды. Бір жағынан бұл жеке және кәсіпкерлік карталарын қатар пайдаланып, клиент төлемдерін заңсыз түрде жеке шотына қабылдауы мүмкін кәсіпкерлерге қатысты болды. Екінші жағынан, мүлде тіркелмей кәсіп жүргізіп жүрген азаматтарды анықтау мақсаты қойылды. Ал мұндай адамдарды қарапайым банк клиенттерінің арасынан тек жаппай мониторинг арқылы ғана табуға болатын еді. Сондықтан іс жүзінде бақылау ауқымы барлық азаматтарды қамтыды деуге негіз бар.

Көптеген кәсіпкерлерді жаңа талаптар алаңдатты. Өйткені 2025 жылы тексеру басталғанда 2024 жылғы операциялар да назарға алынатыны белгілі болды. Соның салдарынан кейбір шағын дүкендер онлайн ақша алуды тоқтатты. Сонымен қатар кәсіпкерлер шағын бизнесті тексеруге қойылған мораторийдің аяқталуына байланысты да алаңдады.

Кейбір кәсіпкерлер журналистерге берген пікірлерінде мемлекет мобильді аударымдарды бақылау арқылы жеңілдетілген декларация режиміне белгіленген табыс шегінен асып кеткендерді анықтайды деген болжам айтты. 2024 жылы бұл шек 24 038 айлық есептік көрсеткішті немесе шамамен 88,7 миллион теңге болды. Егер табыс осы мөлшерден асып кетсе, кәсіпкер басқа салық режиміне ауысып, қосымша есеп тапсыруға міндетті болатын.

Аударым жасайтын төлемнен бас тарту жағдайлары, әсіресе, 2025 жылдың басында жиілей түсті. Алайда мемлекеттік органдар мұны уақытша құбылыс деп бағалап, жаппай қолма-қол есеп айырысуға көшу байқалмағанын мәлімдеді. Тіпті 2023 жылы Қаржы министрі қызметін атқарған Ерұлан Жамаубаев Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың Kaspi қосымшасындағы аударымдарын жасырын бақыламайтынын арнайы айтып түсіндіруге мәжбүр болды.

Жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін де түрлі қауесеттер тарады. Әлеуметтік желілерде салық органдары енді азаматтардың ағымдағы шоттарын, депозиттерін, өз шоттары арасындағы ақша аударымдарын және ірі сатып алу секілді тендерлерін де бақылауы мүмкін деген пікірлер айтылды.

Алайда мұндай ақпарат шындыққа жанаспайды. Мемлекеттік кірістер комитетінің азаматтардың жеке шоттары мен ондағы аударымдар туралы мәліметтерге тікелей қол жеткізу құқығы жоқ. Мұндай ақпарат тек заңда көзделген негіздер болған жағдайда ресми тексеру барысында ғана сұралуы мүмкін.

2025 жылдың басында айналымдағы қолма-қол ақша көлемі аздап төмендеген. Өсім наурыз бен тамыз аралығында және желтоқсан айында тіркелген. Биыл да жыл басынан бері қолма-қол ақша көлемі біртіндеп азайып отырды. Тек сәуір айында ғана наурызбен салыстырғанда 2,6 пайыз өскені байқалды. Жалпы алғанда, қолма-қол ақшаның экономикадағы үлесі ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан аспайды. Бұл тұрғыдан алғанда қоғамдағы алаңдап жасалған болжамдардың басым бөлігі расталмады.

Банктер мәліметті қалай береді және заң бұзғандарға қандай қауіп төнеді?

Ресми мәлімет бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдарға қатысты алғашқы деректер топтамасын банктерден 15 сәуірде алған. Алайда іс жүзінде мұндай ақпарат алмасу бір жыл бұрын басталған болатын. Әзірге комитет тексеру нәтижелерін жариялаған жоқ. Осыған байланысты Qaz365 редакциясы ресми сауал жолдады.

Банктер күмәнді операцияларды екі белгі бойынша анықтайды. Біріншісі — қатарынан үш ай бойы жүзден астам түрлі адамнан ақша түскенде. Екіншісі — осы кезеңдегі түскен қаражаттың көлемінің 1,02 миллион теңгеден асқан жағдайда.

Бұл жағдайда Мемлекеттік кірістер комитетіне алушының жеке сәйкестендіру нөмірі мен тоқсан ішіндегі жалпы түскен қаражат көлемі ғана жіберіледі. Кейін комитет деректерді саралап, азаматтарды түрлі санаттарға бөледі: жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, бейрезиденттер және басқа топтар. Сондай-ақ әртүрлі банктерден келген мәліметтер салыстырылып, қайталанатын деректер алынып тасталады.

Егер қандай да бір операциялар күмәнді деп танылса, мемлекет екі түрлі шара қолдана алады. Біріншісі — азаматқа жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркелу қажеттігін хабарлау. Екіншісі — ресми хабарлама жолдап, 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруді талап ету. Егер азамат жауап бермесе немесе берілген түсініктеме салық органдарын қанағаттандырмаса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алғашқы жағдайда айыппұл мөлшері 15 АЕК-ке дейін, яғни 64 875 теңгеге дейін жетеді. Қайталанған жағдайда бұл қаражат 30 АЕК-ке немесе 129 750 теңгеге дейін өседі.

Айта кету керек, мұндай хабарламалар бірден жіберілмейді. Жеке кәсіпкерлер оларды 15 тамыздан кейін ала алады. Арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге хабарламалар келесі жылдың 15 ақпанынан кейін жіберіледі. Ал жалпыға бірдей белгіленген режимдегі кәсіпкерлер үшін бұл мерзім 31 наурыздан кейін басталады. Кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаларға қатысты тексерулер 270.00 нысанындағы декларацияны тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін жүргізіледі. Яғни мұндай бақылау қыркүйек айының ортасынан бастап күшейеді. Сондай-ақ банктер енді мәліметтерді тоқсан сайын тапсырып отыратынын ескерген жөн. Сондықтан талаптардың бұзылғаны жылдың кез келген кезеңінде тіркелуі мүмкін.

Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны анықталған азаматтар жалпыға бірдей белгіленген режимді немесе 2026 жылдан бастап қолжетімді үш арнайы салық режимінің бірін таңдай алады. Егер азамат шаруа қожалығын жүргізбесе, оның мынадай екі таңдауы бар: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы режим немесе жеңілдетілген декларация негізіндегі режим. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған тәртіп ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен (шамамен 1,3 миллион теңге) аспайтын азаматтарға қолданылады. Бұл жағдайда тек 4 пайыз мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдер төленеді.

Ал жеңілдетілген декларация режимі жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді талап етеді және қызметкерлер жалдауға мүмкіндік береді. Ол жылдық табысы 600 мың АЕК-тен (шамамен 2,6 миллиард теңге) аспайтын кәсіпкерлерге арналған. Мұнда жеке табыс салығының мөлшерлемесі 4 пайыз болады. Мәслихат шешіміне қарай бұл мөлшерлеме екі есе азайтылуы немесе екі есе өсуі мүмкін. Бұдан бөлек кәсіпкер өзі үшін де, қызметкерлері үшін де әлеуметтік төлемдерді аударуға міндетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!