1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қызылорда қаласында балалардың жазғы демалыс маусымы ресми түрде басталды. Осыған байланысты Қызылжарма ауылындағы №295 «Келешек мектебі» жанындағы «Жазғы time» лагерінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұрқанат Амантаев қатысып, оқушыларды мерекемен құттықтап, жазғы демалыстың маңызына тоқталды.

– Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Қызылордадағы барлық білім беру ұйымында осындай лагерь ашылып, өздеріңіз секілді оқушылар түрлі үйірмеге қатысып, уақытын тиімді пайдалануда.

Балалардың жазғы демалысы бақылауда: «Жазғы time» лагері жұмысын бастады

Қалалық білім бөлімінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтуын ұйымдастыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жазғы демалыс кезеңінде 70 802 оқушыны немесе 98,5% білім алушының бос уақытын тиімді ұйымдастыру жоспарлануда. Оның ішінде, мектеп жанынан жұмыс жасайтын 61 жазғы тынығу лагеріне 7230 бала қамтылады. Оның 2815-і тамақпен, 4415-і тамақсыз ұйымдастырылады. Аймақтағы қала сыртында орналасқан 2 лагерь мен орталықтарда 4 ауысымда 1564 бала демалыспен қамтылады, – деді ол.

Балалардың жазғы демалысы бақылауда: «Жазғы time» лагері жұмысын бастады

Биыл білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдары жанынан құрылған жазғы лагерлер балаларды қабылдауға толық дайын. Айта кеткен жөн, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Түркістан облысы Төле би ауданындағы Біркөлік елді мекенінде орналасқан «Қуаныш» лагерінде 200 оқушы тынығады. Сондай- ақ демеушілер мен кәсіподақтардың қолдауымен тағы 200-ден астам баланы жазғы демалыспен қамту көзделген.

Балалардың жазғы демалысы бақылауда: «Жазғы time» лагері жұмысын бастады

Сондай-ақ мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың жазғы тынығуына ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алатын және табысы төмен отбасылардан шыққан балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасылардың балалары және өзге де әлеуметтік санаттағы оқушылар жазғы сауықтыру және демалыс орындарына жіберіледі.

Балалардың жазғы демалысы бақылауда: «Жазғы time» лагері жұмысын бастады

Жалпы жаз мезгілінде қала оқушылары үшін демалыстың сан алуан түрі қарастырылған. Атап айтқанда, 9 мектепте киіз үй (этно) лагерлері ұйымдастырылып, оған 305 оқушы қатысады. 18 мектепте шатырлы лагерлерде 788 бала демалса, аула клубтарында 5161 оқушының бос уақыты ұйымдастырылады. Сонымен қатар 10 206 оқушы экскурсияға қатысып, музейлерге саяхат жасайды. Дебаттық лагерлерге 1 269 оқушы, күндізгі спорттық лагерлерде 1110 оқушы тынығады. Көркейту-көгалдандыру жұмыстарына 3402 оқушы тартылып, 151 оқушы еңбекпен қамтылады. Облыстан тыс лагерлерде 957 бала демалса, оқушылар үйі мен өнер мектептеріндегі жазғы үйірмелерге 4 701 оқушы қатысады.

Балалардың жазғы демалысы бақылауда: «Жазғы time» лагері жұмысын бастады

Ал №295 «Келешек» мектебіндегі «Жазғы time» лагерінде балалардың бос уақытын мазмұнды өткізу үшін түрлі үйірме ұйымдастырылған. Мұнда оқушылар домбыра, шахмат, футбол, сурет салу, ІТ және робототехника бағыттары бойынша білімдерін жетілдіреді. Лагерь бір ай бойы күндізгі ауысымда жұмыс істеп, әр топта 15 оқушыдан қамтылады. Әр үйірме мен топқа жауапты жетекшілер бекітілген.

Балалардың жазғы демалысы бақылауда: «Жазғы time» лагері жұмысын бастады

Лагердің алғашқы күнінен-ақ балалар түрлі шығармашылық және спорттық іс-шараға белсенді қатысып, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мерекелік бағдарламаның куәсі болды. Облысымызда жазғы тынығу лагерлерінің саны жыл сайын артып келе жатқаны, сәйкесінше балалардың бос уақытын мазмұнды һәм сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік молайғаны қуантады.

Балалардың жазғы демалысы бақылауда: «Жазғы time» лагері жұмысын бастады

Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру – олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, жаңа орта тауып, таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан жазғы лагерлердің жұмысы әрбір баланың алаңсыз әрі мазмұнды демалуына бағытталған маңызды бастама болып қала береді.

А.ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!