Футбол сүйер көрермен үшін 1 ай бойғы думан басталуға жақын. Төрткүл дүние асыға күтіп отырған аладоп бәсекесі биыл мүлдем ерекше болмақ. «FIFA World Cup» басталмай жатып-ақ әлем назарын өзіне аударды. Бұл тек футбол мерекесі емес, саясат, көші-қон, қауіпсіздік, климат және миллиардтаған доллар айналған алып индустрияның қақтығыс алаңына айналғалы тұр. АҚШ, Мексика және Канада бірлесіп қабылдайтын мундиаль – тарихтағы ең ауқымды әрі рекордтық турнир.
Мундиаль тарихта тұңғыш рет бір мезетте 3 елде қатар өткелі отыр. АҚШ, Канада, Мексиканың 16 қаласында көрермен аладоп аламанын тамашалайды. Сөйтіп, төрткүл дүние көз тіккен бәсекеде қай құрама топ жаруы мүмкін? Болжам қандай?
Санаулы күндерден кейін төрткүл дүние асыға күткен футбол мерекесі басталады. Әлем чемпионаты тарихта осымен 23-рет өткелі отыр. Жаһандық додаға алғаш рет 48 ел қатысып, турнир аясында бас-аяғы 104 матч ойнатылады.
Мундиальда Кюрасао, Кабо-Верде, Йордания және көршілес Өзбекстан тұңғыш рет өнер көрсетеді. Осы ретте спорт сарапшылары не дейді? Арнайы Жандос Айтбайұлы мен Абылай Ыбырайұлының пікіріне құлақ түрдік.
– Өзбекстан құрамасы біраз таңдай қақтыруы мүмкін. Бұл команданың жұлдызды ойыншыларынан бөлек ауызбіршілігі өте мықты. Азия мықтысы Жапониямен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп жүрген өзбектер топтан шығып… Әлгі бір жылы Блохин баптаған Украина құрамасы сенсация жасап еді ғой. Сол секілді біраз мықтыға тұсау салуы мүмкін. Алдағы чемпионатты ұтатын айқын фаворит жоқ, – дейді Жандос Айтбайұлы. Осы орайда сарапшылардың пікірі екіге бөлінді. Бірі оңтүстік америкалық, екіншісі еуропалық елдердің бірі чемпион болады дейді.
– Жасырын фаворит ретінде Англия құрамасын қарап отырмын. Өйткені Томас Тухель өте тәжірибелі ойыншыларды өз құрамына жинап отыр. Өзі де сұхбаттарының бірінде бұл жұлдыздардың командасы емес, жұлдыз команда болады деп айтты. Палмер, Фоден, Трент Александр алынбады. Ең талантты ойыншыларды қалдырып, олардың орнына Тони, Хендерсон, Андерсон секілді жұмысқа бейім ойыншыларды алды, – деді Абылай Ыбырайұлы.
– Неймарлардың екінші тынысы ашылса, Бразилияға, Аргентинаға мүмкіндік мол. Менің ойымша, сол оңтүстік америкалық құрамалардың бірі осы Аргентина мен Бразилия менің фавориттерім. Енді жарыс мұхиттың арғы бетінде өтеді. Сондықтан еуропалық командаларға қиын болады. Себебі уақыт айырмашылығы бірнеше сағат және теңіз деңгейінен биіктік деген бар, – деген ойын сарапшылар да жасырып қалмады.
Ойындар Америка, Мексика және Канаданың 16 қаласында өтеді. Турнирдің ашылу матчы Мехикодағы «Ацтека» стадионында, ал финал Нью-Джерсидегі «Метлайф» аренада ұйымдастырылады. Командалар 12 топқа бөлініп, плей-офф кезеңі 1/16 финалдан басталады.
11 маусым күні мундиалдың шымылдығын Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы ашады. Бір қызығы, бұл жолғы ойындар түнгі 00:00 және таңғы 06:00 аралығында болмақ. Ерте өтетін кездесулер де бар. Бірақ, санаулы.
Расында, биылғы додаға 40 жасқа келген ойыншылар көптеп қатысқалы отыр. Көш басында Роналду мен Месси, Модрич пен Нойыр сынды үздіктер тұрғаны бар. Мұнан бөлек Неймар, Очоалардың жайы мүлдем бөлек. Бұл спортшылар үшін соңғы Әлем чемпионаты болғандықтан, командалары барлық шеберлігін салатыны анық. Десек те көпшіліктің Роналду бастаған Португалия құрамасына болысатыны анық. Себебі, екі бірдей футболдың аңыздары Месси мен Криштианудың жетістіктері теңелгенін қалайтындар көп.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!