Балалар жылының қорытындысы туралы брифингте вице-министр жыл бойы 1 миллионнан аса баланы қамтыған 69 іс-шара өткізілгенін мәлімдеді. “Балалар әдебиетіне арналған «Дана бала» (www.danabala.kz) веб-сайты жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда ол сайтқа 5 000-нан астам кітап орналастырылды. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған «Таланттар арамызда» республикалық фестиваль-көрмесін өткіздік, оған 250 астам бала қатысты. Министрлік «Әжемнің ертегілері» онлайн жобасын қолға алды, бүгінде бұл жоба 40 мың баланы қамтиды.

Былтырдан бастап балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар тетігі бойынша, бүгінде 4 жастан 17 жасқа дейінгі 458 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер 14 652 спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін барады”, – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов. Сондай-ақ, министрлік келер жылдан бастап қазақстандық балаларға әдеби сыйлықтар табысталатынын айтты.

“Министрлік 2023 жылдан бастап қазақстандық жас ақын-жазушылар үшін арнаулы Президенттік әдеби сыйлықты тағайындауды жоспарлап отыр. Бұл 29 жасқа дейінгі біздің ақын-жазушыларымызға арналатын болады. Бұл арнайы Президент тапсырмасына сәйкес орындалып отыр. Әдеби сыйлықтың бір номинациясы арнайы «Балалар әдебиеті» бағытындағы қаламгерге арналады. Бұл балалар әдебиетіне тың туындылар қосылуға өз септігін тигізері сөзсіз”, – деді Нұрғиса Дәуешов.