2026 жылға дейін қант өндірісін дамытудың кешенді жоспары жасалады

2022 жылғы 6 тамыз 21:06
2026 жылға дейін қант өндірісін дамытудың кешенді жоспары жасалады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі қант өндірісін дамыту туралы кешенді жоспар әзірледі. Оған өндіріс көлемін 2026 жылға дейін кезең-кезеңмен арттыруға бағытталған шаралар еніп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоспарға сәйкес, бастапқы кезеңде Жетісу және Жамбыл облыстары аумағындағы қант қызылшасын өсіруге жарамды жерлерге талдау жасалып, учаскелердің тізімі бекітіледі. Бұл жұмыстар биылғы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

2023-2026 жылдар аралығында қант қызылшасының егіс алқаптары кеңейтілмек. Атап айтқанда, егіс алаңдарын 38 мың гектарға дейін ұлғайту және зауыттардың технологиялық жабдықтарын жаңарта отырып өндірістік қуатын арттыру жоспарланған. Осылайша, қант өндіру көлемі 250 мың тоннаға дейін артадыі. Сондай-ақ 2026 жылға қарай су үнемдеу технологиялары егістік жерлердің 70,5 мың гектарына енгізілмек. Мұнымен қатар, 2024-2026 жылдар аралығында құрғақшылыққа төзімді қант қызылшасының сорттарын шығару көзделіп отыр.

Жоспардағы басты міндеттердің бірі – 3 ай көлемінде ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ететін қант қорын сақтап отыру.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің ішкі нарығын қантпен қамтамасыз ету бағытындағы шаралар туралы баяндаған болатын.