Бүгінде жастардың жаңа идеясы мен тың талпынысы қоғамдағы өзекті мәселенің шешілуіне сеп болуда. Ойлау дағдысы, дүниеге көзқарасы алабөтен жас буын елдегі елеусіз олқылықтың өзін назарға алып, оны шешу алгоритмін ұсынуға құштар. Оның ішінде Тәуелсіздік құрдастарының да тың талпынысы байқалады. Жақында Ақордада марапаттау рәсімі өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының негізгі мақсаты да осы. Сан саладағы егемендік түлектерінің талабын қолдау. Жалағаштық Айсана Намурадин да жеңімпаздар қатарынан көрініп, қаржылай грант иегері атанды.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген дарынды жастарды қолдау мәселесі көтерілген болатын. «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау қажетін, сол арқылы серпіліс әкелуге жол ашылатынын жеткізген. Енді, міне, Мемлекет басшысы аталған байқаудың қорытынды шарасында аталған пікірді үстемелеп, ел келешегі Тәуелсіздік ұрпақтарының қолында екенін айтты.

«Тәуелсіздік ұрпақтары – шын мәнінде жаңа Қазақстанның басты символдарының бірі. Еліміз дербес мемлекет болғаннан бері ойы еркін, рухы азат тұтас буын өсіп жетілді. Тәуелсіздік перзенттерінің алдыңғы толқыны ер жетіп, ел ісіне араласа бастады. Олар Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатыр», – деді Мемлекет басшысы.

 «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы атанған Айсана Намурадин білім беру мен медиа саласында ілгерілеушілікті қалыптастыруға талпынып келеді. Жерлесіміз байқауға ұсынған жобасында жасөспірім буынның тәрбие мен өнегені сіңіруін көздепті. Грант иегері мемлекеттен алған қаржыға өзі білім беретін Жалағаш ауданындағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей жанынан коворкинг орталығын ашуды жоспарлауда.

Мемлекет басшысының қолынан марапат алған Айсана Намурадин уақыт тауып, Ақордадағы кездесу барысы мен байқау туралы аз-кем пікір білдірді. «Ақметіш жастары» газеті оқырмандарына сәлем жолдап, алған әсерімен бөліскен жерлесіміз мұндай жетістіктің бастауы тынымсыз еңбек екенін айтуда.

– 2021 жылдың 8-желтоқсан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының медиа бағыты бойынша 3 млн теңге көлемінде қаражат марапатын алу сәті бұйырды. Ерекше сезім, толқыныс, уайым, қуаныш. Ақордадағы кездесу сәтінде осы сезімдер бойымда қатар тоғысып, ерекше көңіл-күйде болдым. Бұл көріністің боларына өзге түгілі өзім сенбегенім рас. Қаншама жылғы тәжірибе, қоғамдық саладағы белсенділік, ұстаздық жолындағы адал еңбек дәл осындай жетістікке жеткізгеніне қуаныштымын. Бұл – еңбектің еленген шағы. Әрбір жетістік оңай жолмен келмейді. Көздеген межеге жетуге деген табандылық, үнемі ізденіс үстінде болу – жетістік кепілі. Күн-түн демей, көз ілмей жасаған жоба жоғары дәрежеде бағаланып,  ойға алған мақсаттың орындалуына жол ашты. Мен үшін марапатты Мемлекет басшысының қолынан алу – үлкен мәртебе, – деді Айсана Қанатқызы.

Жеңімпаз жерлесіміз Жалағаш ауданындағы Темірбек Жүргенов атындағы № 123 мектеп-лицейде ағылшын тілі пәні мұғалімі болып қызмет атқарады. Байқауға  «Медиа» бағыты бойынша қатысып, мектеп оқушыларына арналған коворкинг орталығын ашу идеясы қолдау тапты.

Айта кетейік, аталған гранттар жаңа идея мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде ұйымдастырылған. 5 бағыт бойынша барлығы 30 грантты анықтау жүргізіліпті. Атап айтқанда, «Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру үшін, «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін, «Ақпараттық  технологиялар» – жаңа IT-шешімдер мен жобаларды, оның ішінде бастаушы стартап-жобаларды іске асыру және әзірлеу үшін беріледі. Ал «Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілсе, «Медиа» – жаңа медиа-жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контентті құру жөніндегі жобаларды іске асыру және әзірлеу мақсатында жеңімпаз анықтайды. Нәтижесінде Қазақстанның әр өңірінен келген жеңімпаздарға жобасын іске асыруға 3 млн теңгеден грант берілген. Үздік шыққандар арасынан көрінген Айсана да «Медиа» аталымының жеңімпазы.

Мемлекет басшысы марапаттау сәтінде белсенді шығармашыл жастардың жобаларын іске асыру, қолда бар жобаларды дамыту, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу ең маңызды бастама екенін атап өтті.

«Бұл – таланты ұл-қыздарымыздың бастамаларын қолдау үшін жасалған қадам. Қазақта «жас келсе іске» деген жақсы сөз бар. Халқымыз жастарға әрдайым сенім артып, ерекше үміт күткен. Ұрпақтың тәрбиесіне, білімді, білікті болуына айрықша ден қояды. Дарынды жастарымыз еліміздің болашағына деген сенімді нығайта түседі. Олардың туған елге қызмет етуге құлшынысы қуантады. Мен грант жеңімпаздары ұсынған жобалармен танысып шықтым. Бұл жобалардың көпшілігінде экологияға баса мән берілгенін байқадым. Бұл өте дұрыс. Өйткені, қоршаған ортаны қорғау қазір барша азамат үшін аса маңызды мәселе. Кең байтақ жеріміздің бірегей табиғатын сақтау бәріміздің қасиетті борышымыз. Жастардың тың идеялары нақты жүзеге асып, халықтың игілігіне айналады деп сенемін. Шын мәнінде бұл еліміздің мерейтойына Тәуелсіздік ұрпақтарының тартуы болмақ», – деді ҚР Президенті.

Әрбір буынның айтары ойы мен талғамы бөлек келетіні сөзсіз. Әсіресе, жастардың жаңашылдыққа ұмтылысы, қоғамды дамыту арманы әрқашан сәтті нәтиже берері белгілі. Айсана Намурадинның идеясы да мектеп оқушылары ғана емес аудан халқының рухани кемелденуіне жол ашарына сенім мол.

Берен Шағыров

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!