Астаналықтар коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын салдыра бастады, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің жасым 17-де, Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінің 1-курс студентімін. Вакцина алған себебім – алдымен өзімнің қауіпсіздігімді ойладым, екіншіден қоғам қауіпсіздігі үшін. Екпе алмас бұрын оған қатысты ақпараттармен таныстым, оның ішінде Pfizer туралы да оқып, білдім. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын, әзірге ешқандай кері әсер байқалмайды», – деді Төрежан Тұрсын.

Астаналық жасөпірім Pfizer екпесін №8 қалалық емханада салдырды.

«Ата-анам вакцина алуыма қарсы болған жоқ, керісінше алғанымды қалады. Өзім коронавируспен ауырғам, бірақ жеңіл түрде өтті. Жалпы вакцинаға қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелер бар, осы орайда айтарым, бастысы ата-анамның рұқсатын алдым, қалғаны маңызды емес. Оқу орнында да ешқандай вакцина алуға үгіттеу шарасы өткізілген жоқ. Тек бізден кәмелетке толған-толмағанымыз туралы сұрады», – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!