Атырау облысында мектеп оқушысын жоғары сыныптың бірнеше баласы аяусыз соққыға жыққан. Қазір 15 жастағы жасөспірім ауруханада жатыр, деп хабарлайды Астана арнасы. Келеңсіз оқиға облыс орталығынан 200 шақырым қашықтағы Исатай елдімекенінде болған. Жасөспірім алғашында «футбол ойнап жүріп, құлап қалдым», деп болған жайтты анасынан жасырған. Ал анасы ұлының соққыға жығылғанын, аяғын баса алмай қалған кезде бір-ақ білген. Дереу полицияға шағымданып, жасөспірім бірден облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілген. Атырау облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Гүлмира Мерғазиеваның айтуынша, ауруханаға түскен жеткіншек оң иғынан, бел және кеуде тұсынан көптеген жарақат алған. «Қазір баланың жағдайы жақсарып келе жатыр», – дейді ол.

Ал жасөспірімнің анасы ұлына әлімжеттік жасалғанын, сондықтан бұған қатысы бар балалардың да, мектеп ұжымының да жазалануын талап етіп отыр. Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген мектеп басшылығының айтуынша, оқиға сабақтан тыс уақытта болған. 9-сынып оқушылары алдымен сыныптасының үйіне жиналған. Соққыға жығылған 8-сынып оқушысы да көбіне осы балалармен бірге жүретін көрінеді. «Балалармен сөйлесіп жатырмыз. «Сөзінде тұрмайды. Уәдесінде тұрмайды. Айтқан сөзінен тайқиды. Сол себепті ұрдық», – дейді. Менің қолымдағы мәлімет бойынша, қарап тұрғаны бар, ұрғаны бар 9 бала ішінде болған. Бірақ үйіне кеткеннен кейін де ата-ана қарау керек қой», – дейді мектеп директоры Айгүл Әділова.

Атырау облыстық полиция депратаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір аталмыш фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы («Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру») бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. Сонымен қатар қажетті сараптамалар тағайындалған. Күдікті ретінде сол мектептің 9 сыныбында оқитын екі оқушы анықталған. Ал қасында болған өзге жасөспірімдердің қылмысқа қатысы бар-жоғы тергеу барысында анықталмақ. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, ата-аналарына екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынбақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!