Түркістан облысы Леңгір қаласында еліміздегі ең жас көпбалалы ана тұрады. 9 баланың анасы Жазира Тұрғынова мектепке баратын балаларының киімі жоқ екенін айтып, көмек сұрайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасының «Дау-дамайсыз» бағдарламасына сілтеме беріп. Еліміздің ең жас көпбалалы анасының 6 баласына мектепке киетін киім алатын жағдайы жоқ. Ал күйеуі ішімдікке салынып, үйіне қарамайтынын айтады.

Тұрғынова 2019 жылы Астанада өткен жастар форумында сөз сөйлеп, ең жас көпбалалы ана ретінде мадаққа ие болды. Ол 17 жасында тұрмыс құрып, 10 жылда 7 бала босанған. Балаларыныі ең үлкені 8 сыныпқа барса, кішісі 3 жасқа келмеген.

Күйеуі де, өзі де жұмыс істемеген отбасыға сол кездегі Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 4 бөлмелі баспана берді. Алайда үйде құрт-құмырсқа қаптап, отбасы оны сатуға мәжбүр болды.

Арада үш жыл өткен соң, ана балаларына әкімшілік тарапынан мектеп формасы мен 37 мың теңгелік көмек берілмегенін айтады. Сондай-ақ, балаларының біреуіне ғана ыстық тамақ ішуге рұқсат берілді.

“Тұрғын үй тіркеуі жоқ болғасын атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. АӘК алмағандықтан, мектеп формасы да, ыстық тамақ та жоқ. Күні-түні жұмыс істеймін. Күндіз сұлулық салонында жұмыс істеймін, кешке тойханаларда ыдыс жуамын. Барлық табыс, льготаны қосқанда 110 мың теңгедей болады, бірақ онымен 9 баланы асырау мүмкін емес”, – деді көпбаланың анасы.

Қазіргі таңда көпбалалы отбасының асыраушысы жоқ. Әйелдің айтуынша, ол ішімдікке салынып, балалары мен өзіне қол көтеріп, зорлық көрсетуді бастады. Сондай-ақ, үйге материалдық көмек бермейді. Әкімдік ұсынған жұмысқа да кірмеген. Сол үшін де Тұрғынова ажырасуға ниетті.

Балалар да әкесінің жиі үйде болмайтынын, соңғы рет екі апта бұрын көргендерін айтып өтті.

Қазіргі таңда отбасының тұратын үйінің қабырғалары жарылып, төбесі құлағалы тұр. Су тамшылайды, іші суық.

Әйелдің көршілері балалардың қашан көрсе де, қараусыз жүретіндерін, сабаққа бармай, дала кезетіндерін айтты. Оған себеп – анасының жұмысбастылығында. Мектеп директоры да осы үйдің балалары 1 айдай сабаққа келмейтіндерін пайымдады.

Әкімдік тарапы бұл отбасыға көмек көрсетілгенін айтты.

“Бұл әйелдің өтініштерін қарастыруға, арызын орындауға тырысудамыз. Көмір мен азық-түлік береміз”, – деді Леңгір қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Татыбаев.

Алайда әйел бұл көмектің бір-ақ рет берілгенін айтады.

“Мешіт имамы қайырымдылықтан барлық балаға 7 мың, мектеп тарапы сөмке берді. Әкімдік бір рет көмір бергенін және азық-түлік әкелгенін білемін. Одан кейін көмек болмады Бірақ қазір бәрі қымбат. Жетпейді. Аяқ киімнің өзін 10 мың теңге десек, 8 балаға 80мың кетеді”, – деді ол.

№2 жалпы орта мектеп директоры Ғалымжан Алтынбайұлы аталмыш көмек көрсетілуі үшін құжаттар тапсыру керек екенін айтты.

Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бегайдар Адамбекұлы да жаңадан келгендіктен, бұл мәселеден бейхабар екенін жеткізеді. Олар балаларды қамқорлыққа алу үшін мектеп-интернатта оқытуды ұсынды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!