COVID-19 инфекциясынан кейін өкпеде фиброз түріндегі өзгерістер болады. Осы топқа кіретін адамдардың туберкулез жұқтыру қаупі жоғары

Коронавирус пандемиясынан кейін туберкулез өршіп кетуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да осы мәселеге қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр.

Бұған дейін АҚШ пен Ұлыбритания ғалымдары коронавирустың салдарынан тағы бір эпидемияның таралу қаупі жоғары екенін мәлімдеді. Ол – туберкулез эпидемиясы.  Кох таяқшасы бес жылдың ішінде бір жарым миллион адамды қынадай қыра алады деген болжам бар. Әрине, бүгінде туберкулез ауруы жан-жақты зерттелген. Оған қарсы вакцина да бар. Сосын одан сақтанудың нақты ережесі жазылған. Негізгі талап – туберкулезді дер кезінде анықтау. Сонда ғана инфекциялық ауру таралмайды. Дегенмен, коронавирус пандемиясы кезінде дәл осы талап бұзылып отыр.

Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары, профессор Ләззат Ералиеваның айтуынша, шектеу шаралары кезінде адамдардың көбісі скрининг жасамай, үйде отырады. Ал ондайда туберкулез дер кезінде анықталмай қалады.

«Негізі, туберкулез ешқайда кеткен жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, коронавирус пандемиясы кезінде қатаң шектеу шаралары енгізілді. Адамдар медициналық мекемелерге бармады, жыл сайынғы тексерістен өте алмады. Есіңізде болса, коронавирусқа байланысты компьютерлік томографияға сұраныс күрт өсті. Ал рентгенографиядан жыл сайын өтетін адамдар бар ғой. Олар тексерістен тыс қалды. Иә, қазіргі кезде туберкулез ауруына шалдығу және одан қайтыс болу көрсеткішінің төмендеуі тіркеліп отыр. Алайда ары қарай не болады? Ол жағы белгісіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы мәселеге қатысты дабыл қағып отыр», – деді Ералиева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 

2020 жылы Қазақстанда туберкулезді жұқтыру көрсеткіші 2019 жылмен салыстырғанда 20,5 процентке төмендеген. Өткен жылда республика бойынша 5 832 науқас  тіркелді. Алайда былтыр медициналық мекемелер коронавируспен күрес шараларына басымдық берді. Басқа ауруларға қатысты тексерістер уақытша тоқтатылған болатын. Соның салдарынан науқастар да анықталмай, қазіргі статистикаға енбей қалуы әбден мүмкін. Туберкулез бастапқы сатысында қауіпті емес. Оны флюрография арқылы анықтауға болады. Ал ауру ашық формаға ұласып кетсе, оны жұқтыру қаупі жоғарылайды.

Осы орайда мамандар туберкулезге коронавирус инфекциясы қосылса, адам өміріне үлкен қауіп төнетінін айтып отыр. Себебі ағза екі бірдей инфекцияны көтере алмауы мүмкін. Сол сияқты коронавируспен ауырған адам да туберкулезді тез жұқтырып алады.

«COVID-19 инфекциясынан кейін өкпеде фиброз түріндегі өзгерістер болады. Осы топқа кіретін адамдардың туберкулезді жұқтыру қаупі жоғары. Әсіресе, өкпенің 50 проценті зақымданса, қосымша инфекция ағзаға тез кіріп кетеді», – дейді мамандар.

Бүгінде көрші Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі осы мәселеге қатысты арнайы ұсынымдарды әзірлеп, дәрігерлерге таратып берген. Оған сәйкес, коронавирустық пневмониямен ауырған науқастарда лейкоциттер мен лимфоциттердің саны төмендейді. Ондайда туберкулез өршіп кетуі мүмкін. Сондықтан стационарда жатқан науқастар жасырын туберкулез инфекциясына міндетті түрде қосымша тест тапсыруға тиіс.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропада туберкулезден қайтыс болғандардың саны азайды деп отыр. Алайда осы инфекция өлім-жітім жағынан COVID-19-дан кейін екінші орында тұр. Бүгінде нақты есеп-қисап болмаса да, пандемия туберкулезбен күрес шараларын тежеп отырғаны айдан анық.

«COVID-19 басталғалы бері туберкулезді емдеу және алдын алу шаралары назардан тыс қалды. Себебі барық ресурс коронавируспен күреске салынды. Біз COVID-19-ды бақылауға аламыз. Оған күмәнім жоқ. Алайда басқа аурулармен күрес саласындағы жетістіктерден айырылып қалмауымыз керек. Соның ішінде туберкулез де бар», – дейді ДДҰ-ның Еуропадағы бюросының директоры Ханс Клюге.

sputnik.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!