Әрине, күллі әлем көз тіккен футбол – ең тамаша спорт түрі. Бірақ осы аяқдоптың айналасында адам жанын түршіктіретін оқиғалардың жиі болатынын байқаған шығарсыз?! Жай ғана ерегіспен басталып, кейде адам өлімімен аяқталып жататын осы қақтығыстардың басы-қасында футбол бұзақылары жүреді.

Футбол бұзақылары дегеніміз – қоғамдық тәртіпті жиі бұзатын, өз әрекеттерін аяқдопқа деген ессіз құмарлығымен ақтап алуға тырысатын топ. Өз қозғалысын субмәдениет санайтын бұл қауым елден ерекшеленіп тұруға тым құмар. Жалпы жанкүйерлердің бір-бірімен қақтығысы осы спорт түрі пайда болғаннан бері келе жатқан құбылыс екен. Ал бұзақылық қозғалысының бастауы өткен ғасырдың 60 жылдарына тіреледі. Өйткені футбол Еуропаның көптеген елінде қарапайым ауыр тірліктен қажыған адамдардың көңілін алдайтын бірден-бір жол еді. 

Бастапқыда футбол бұзақылары ұсақ-түйек нәрселермен шектеліп отырды. Олар бастаған төбелесте ешкімнің басы жарылып, көзі шыққан жоқ.  Кейде еркінсіген есерлер алаңға шығып кетіп, төрешіге қол жұмсайтын. Бәленің бәрі командалардың өзге қаладағы ойынына шашбауын көтеріп баратын жанкүйерлердің топтасуынан басталды. Аяқдоптың айналасындағы аяусыз шайқастарға алғаш болып назар аударған ел Англия болды. Ұлыбритания полициясының талабымен футбол матчтарында алаңға жанкүйерлердің өтуіне мүмкіндік бермейтін қоршау мен тор пайда болып, стендтер мұқият бақыланды. Осыдан кейін стадион маңы тыншығандай болған. Бірақ бұрын ойын өтетін алаңды торуылдайтын тентектер көшеге шығып, басбұзарлық әрекеттер жасай бастады. 

Бұл құбылыстың қатты өршігені сондай өткен ғасырдың 80 жылдарындағы жағдайды Ұлыбритания баспасөзі «Ағылшын ауруы» деп атады. 1985 жылы Лютон Таун стадионында «Миллуол» командасының жанкүйерлері бастаған жанжалдан кейін Ұлыбритания премьер-министрі әскери жағдай жариялауға мәжбүр болды. Осы жылы Брюссельдің Эйзель стадионында өтіп жатқан «Ливерпуль» мен «Ювентус» матчында ағылшын фанаттарынан қашқан итальян жанкүйерлерінің салмағын көтере алмаған трибунаның тірек қабырғасы құлап, 39 адам қайтыс болды және жүздеген адам әртүрлі жарақат алды. Осылайша «Ливерпуль» жанкүйерлерінің кесірінен Англияның барлық командасы УЕФА өткізетін жарыстарға қатысудан шеттетілді.

Спорттың осы түрі дамыған басқа мемлекеттің «бас ауруы» да бұзақылық болып отырғаны белгілі. Мысалы, 2013 жылы Бразилиядағы «Lаnce» газеті соңғы 25 жылда елде футболдан шыққан қақтығыстарда 234 адамның қайтыс болғанын хабарлаған.

Тоқсаныншы жылдардан бері футбол бұзақыларының арыны айтарлықтай басылды. Клубтар мұндай «жанкүйерлермен» араласқысы келмеді, өйткені енді футбол жай ойын емес, бизнеске айналған еді. Ал бизнес пен бұзақылық ешқашан қатар жүрмейтіні белгілі ғой. Соңғы жылдардағы озық технология стадиондар мен алаңдарды бейнебақылау камераларымен жабдықтауға мүмкіндік берді. Бұл бұзақылардың қадамын одан сайын қысқарта түсті. Кезінде күллі әлемге жайылған қозғалыс енді аз жылда тек футбол тарихында ғана қалатын секілді.

Аударған: Ерхан АҚЫН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!