«Кабинет жетіспейді»: Ақтауда мұғалімдер дәлізде жұмыс істеуге мәжбүр

Ақтау мектептерінің бірінде кабинет тапшылығына байланысты педагогтар дәліздерде жұмыс істеуге мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz.

Мектеп 1600 балаға есептелген, бірақ онда үш жарым мыңға жуық оқушы үш ауысымда оқиды. Мұғалімдер мектептің бірінші қабатында өздері отырады. Кабинет жетіспеуіне байланысты мұғалімдер бөлмесін сынып ретінде беруге тура келген.

“Қазір мұғалімдер бөлмесі жоқ. Дәптерлерді дәлізде отырып тексереміз. Әрине, мұның бәрі қиындық тудырады. Дегенмен жұмысымызды жалғастырудамыз. Тіпті қойманы сынып ретінде беріп, еңбек пәні сыныбына айналдырылды. Бөлмелер тар, тақта жоқ, жылу әлсіз”, – деді 11 сынып жетекшісі Раушан Әбілова.

Мектеп директоры бала саны көп екенін айтты.

“Көрші ауылдардың балалары да білім алуда. Мысалы, кейбірі Мұнайлы ауданынан келеді. Түпқараған ауданы Тельман және Ақшұқыр ауылдарының балалары бізде білім алады. Көрші шағын аудандардан 900-ге жуық бала келеді. Жүктеме үлкен”, – деп айтты мектеп директорының м.а. Орынбасар Наурызбаев.

Оқу орны – бүкіл шағын аудандағы жалғыз мекеме. Көршілес аудандарда мектеп жоқ. Маңғыстау облысында үш ауысымды оқытатын 18 мектеп бар.

“Үшінші ауысымда 5 мыңнан астам бала оқиды. Сондай-ақ, № 43 мектепте 8 мыңнан астам оқушыға орын тапшы. Бүгінгі таңда 20-дан астам мектептің құрылысы жоспарланған. Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласы бойынша төрт мектептің құрылысы жүргізілуде. Әрқайсысы 1200 балаға арналған”, – деп түсіндірді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева.

Сонымен қатар, аймақта апатты жағдайдағы екі мектеп бар. Біреуі Жаңаөзенде, екіншісі Бейнеу ауданында орналасқан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!