Қызылорда облысы Қазалы ауданында бүкіл ауылында «ақыл-есінде ауытқуы бар» деген жетім жігітті әскерге күштеп әкеткен. Тұрғындардың сөзінше, 25 жастағы Тұрар Матығұлды ауыл әкімі мен әкімдік қызметкері көлікке сүйреп мінгізіп, әскери комиссариатқа жеткізген. Ал ондағылар азаматты санаулы күннің ішінде-ақ әскер қатарына алған екен. Ауыл азаматтары ата-анасынан ерте айырылған жігіттің ақыл-есінде кемістігі барына қарамастан қолына қару беріп, әскери міндетін өтеуге жібергеніне наразы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Тұрар Матығұлды ауылдағы достары іздеп барып, видеоға түсіріп алған. Онда Тұрар өзін ауыл әкімі мен әкімдік қызметкерінің үйінен сүйреп алып шыққанын айтады. Тіпті қоқан-лоқы көрсетіп, аудандағы қорғаныс істер жөніндегі бөлімге күштеп әкелді, дейді ол.Басықара тұрғындары Тұрардың бала кезінен ақыл-есінде ауытқуы бар екенін айтады. Тіпті кейде қызбаланып, өзін ұстай алмайтын кездері жиі болады екен. Көпшілік оның ақыл-ойындағы кемтарлығын біле тұра әскери комиссариатқа күштеп апарған ауыл әкімінің әрекетіне наразы.“Мұның әкесі мотоцикл авариясынан қайтыс болды, шешесі одан кейін қайтыс болды. Жалғыз өзі тұрады. Бұл бала шамалы науқастау. Бір он күн сәлем берсе, он күн сәлем бермей кетіп қалады”, – деді ауыл тұрғыны Жәми Жүсіпов.

“Ауру, науқас адам ғой. Ертең психологиялық ауруы бар адамға мылтық береді мысалы. Ұланға барады дейді. Ол не деген сұмдық? Қару бергеннен кейін біреуді атып тастауы мүмкін. Не өзін атып тастауы мүмкін”, – деп қосты Қайрат Әлібай. Тұрардың мінез-құлқындағы ауытқушылықты ауыл әкімінің өзі де аңғарған екен. Бір қызығы, соған қарамастан жігітті әскери комиссариаттан өтуге өзі жібергенін де мойындап отыр. Алайда оған әскерге бар деп қысым жасамағанын айтады.

“Өзінің де шамалы ауытқуы бар енді. Ашуланшақ, тез қызбалығы. Бірақ соның бәрін біз біліп, әрмен қарай медициналық сараптамадан өте алмайтын шығар деген оймен 30 күні осы жерге өз еркімен кеткен”, – деп мәлімдеді Басықара ауылдық округінің әкімі Мұратбек Бекманбетов.

Тұрар Матығұл белгісіз себептермен бұған дейін психикалық ауруы бар азамат ретінде медициналық тіркеуге алынбаған екен. Ал қорғаныс істер жөніндегі бөлімде оны тексеруден өткізген дәрігерлер сол сәтте жігіттің ақыл-есінің ауытқуы байқалмаған еді дейді.“Мына жақтағы военкоммен, баламен сөйлестік. Енді комиссия болады дейді. Ертең тағы тексеріледі. Бірақ ол карантинде жатқан адам. Бөлімге жіберер алдында бәріне тексеріс жасаймыз дейді”, – деді Қазалы ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күншығар Әбілов.

25 жастағы жігіт Қызылордадағы 55/47 әскери бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оның денсаулығы тағы бір тексерілетінін мәлімдеді. Тұрардың әскер қатарына алына ма, жоқ па содан кейін белгілі болмақ. Ал бүтіндей ауыл халқы ақыл-есінде ауытқуы бар азаматтың қолына қару берсе, оқыс жағдайға тап бола ма деп алаңдаулы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!