Атқарушылық іс жүргізу – азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған сот шешімдері мен өзге де атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ететін маңызды құқықтық институттардың бірі.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, заңды күшіне енген сот актілері мен өзге де атқарушылық құжаттар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті түрде орындалуға тиіс. Бұл талап заң үстемдігін қамтамасыз етудің және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың негізгі кепілі болып табылады.

Атқарушылық іс жүргізуді мемлекеттік сот орындаушылары мен жеке сот орындаушылары жүзеге асырады. Мемлекеттік сот орындаушылары мемлекет пайдасына өндірілетін құжаттарды және заңда белгіленген өзге де санаттағы істерді орындаса, жеке сот орындаушылары азаматтық және әкімшілік істердің басым бөлігін орындаумен айналысады.

Борышкер атқарушылық құжатта көрсетілген талаптарды заңда белгіленген мерзімде ерікті түрде орындамаған жағдайда, оған мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады. Атап айтқанда, борышкердің банк шоттарына және мүлкіне тыйым салу, жалақысы мен өзге де кірістерінен өндіріп алу, елден шығуына уақытша шектеу қою, көлік құралын басқару құқығын уақытша тоқтату сияқты заңда көзделген шаралар қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау немесе атқарушылық іс жүргізуге кедергі келтіру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

Азаматтар мен заңды тұлғалар атқарушылық іс жүргізудің барысы туралы ақпаратты электрондық сервистер арқылы да ала алады. Бұл қызметтер өндіріп алушы мен борышкерге атқарушылық іс бойынша ақпаратпен танысуға, қажетті өтініштерді онлайн жолдауға және іс жүргізудің жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді.

 Атқарушылық іс жүргізудің негізгі мақсаты – сот актілерінің уақытылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету. Себебі сот шешімінің қабылдануы ғана емес, оның нақты орындалуы азаматтардың құқықтарын тиімді қорғаудың басты шарты болып табылады.

Сондықтан әрбір азамат сот орындаушысының заңды талаптарын орындауға, қабылданған сот актілерін уақытылы орындауға және заң талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарауы қажет. Заң талаптарын сақтау – құқықтық мемлекеттің және қоғамдағы заңдылық пен тәртіптің берік негізі.

Қызылорда облысы Әділет департаментінің

«Қызылорда қаласының №1 мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің» басшысы

аға-сот орындаушысы М.Бисембаев

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!