2019 жылдан бастап заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілері бойынша 2022 жылы 5,5 мың онлайн-казино сайттары мен аккаунттары, биыл – 2 мыңнан аса сайт бұғатталды.

Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес өтті. Кеңестің кезекті отырысында заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл және қазақстандық жастар арасындағы лудомания мәселесі талқыланды.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, кеңес пен «Жастар Рухы» Жастар қанатының мүшелері және аймақтық филиал өкілдері қатысты.

Отырыс барысында сөз бастаған Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі Құранбек Сәрсен заң талаптарын орындамайтын ойын бизнесі ұйымдастырушыларының лицензияларын сот арқылы және түсіндіру жұмыстарының нәтижесімен тоқтатылып жатқанын атап өтті.

«Үстіміздегі жылдың өзінде Министрліктің ұсынысы бойынша сот шешімдерінің негізінде 6 букмекерлік кеңселердің, 5 тотализаторлардың және 1 ойын автоматтары залының лицензиялары қолданылуы тоқтатылды. Қазіргі уақытта тағы 2 букмекерлік кеңселерді сот арқылы лицензиядан айыру рәсімі жүріп жатыр. Біз де тездетіп осындай шара қабылдауымыз қажет. 2021 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ойын бизнесі субъектілерінің саны 2 еседен астам қысқарды (71-ден 31-ге дейін). Қазіргі таңда ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді, сондай-ақ лудоманияның профилактикасын жетілдіру жөніндегі Кешенді жоспар әзірленді.

Жоспар шеңберінде «AMANAT» партиясымен бірлесіп, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі «Қарызсыз қоғам» жобасы іске асуда», – деді С. Құранбек. Ал Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпараты бойынша, 2019 жылдан бастап заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілері бойынша 2022 жылы 5,5 мың онлайн-казино сайттары мен аккаунттары, биыл 2 мыңнан аса сайт бұғатталды. Осы ақпаратпен Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Жедел департамент басшысының орынбасары, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі Кеңес Аслан таныстырып өтті.

«Халықаралық төлем жүйелерінің Ресей нарығынан кетуі – қазақстандық нарыққа интернет-платформалардың жаппай көшіп келуіне соқты. Атап айтсақ, дәл осы жылдың маусым айында Ресей мен Украина азаматтары құрған онлайн-казино жойылды. Оның айналымы қысқа мерзімде 23 млрд теңгені құрады. Ал, Атырау және Ақтөбе облыстарында 6 млрд теңгеге жуық кірісі бар дәл осындай сайттың қызметі тоқтатылды. Букмекерлік кеңсеге келсек, олардың айналымдары жыл сайын артып келеді. Өткен жылы рекордтық көрсеткішке жетіп, 1 триллион теңгені құрады», – дейді А. Кеңес.

Кеңес барысында сөз алған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Ахмед-Заки Дархан студент жастар арасындағы ойынқұмарлықты жою, оның алдын алу жолдары министрліктің жіті бақылауында екенін айтты.

«Бүгінгі таңда Мәдениет және ақпарат министрлігімен Жастар саясатын жетілдіру жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған Жол картасының жобасы жасалуда.

Жол картасы шеңберінде орта (жоғары сыныптар), техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту, оның ішінде жастардың рухани-адамгершілік және құндылық бағдарларын қалыптастыру, лудоманияның, қаржылық алаяқтықтың алдын алу, психологиялық қызметтердің, студенттік қозғалыстардың, волонтерліктің жұмысын жандандыру тәсілдері ескеріліп, жүйелендірілетін болады. Сондай-ақ, лудоманияның, қаржылық алаяқтықтың алдын алу мақсатында ҒЖБМ жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына «Қаржылық сауаттылық» курсын енгізуді жоспарлауда»,- деп Д. Ахмед-Заки өз баяндамасында атап өтті. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 3-Қызмет басқармасының бастығы Орақбаев Мақсат құмар ойындар тәуелділік азаматтар арасында тек тәуелділік қана тудырмай, түрлі заңға қайшы қылмыстарды үдетуде дейді.

«Сарапшылардың бағалауы бойынша әлемде ойынға тәуелділік себебінен суицидтің 15 есе артуы байқалады. Ағымдағы жылдың 8 айында елде 2620 суицид фактісі тіркелген, оның 2080 ерлер, 540 әйелдер және 139-ы кәмелетке толмағандар. Сондай-ақ, құмар ойындарға қаражат табу үшін адамдар ортақ отбасылық мүлікті сатады, несие алады және қылмыстар жасайды. Мысалы, 2023 жылы Астана қаласында бір азамат ақшалай қаражатқа мұқтаж болуына байланысты көлігін иемденіп, одан әрі сату мақсатында өзінің досын өлтірген. Осылайша, құмар ойындарға тәуелділік ұрлыққа, сеніп тапсырылған мүлікті жымқыруға және басқа да экономикалық қылмыстарға әкеледі»,- деді М. Орақбаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!