Елде өмірін сақтандыратын азаматтар көбейіп келеді.

Осы салада жұмыс істейтін компанияларға былтыр 144 миллиард теңге түсті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10 процентке көп. Сондай-ақ нарықта сақтандыру компаниясы арқылы табыс табудың жолдары пайда бола бастады.

Нарықта бұл жүйе банк депозитіне балама саналады. Өйткені салған ақшаңыз өмірді сақтандырып қана қоймай, қосымша табыс әкеледі.

Өміріңді сақтандырып, қосымша пайда табуға болады. Сақтандыру компаниялары азаматтарға осындай мүмкіндік ұсынып отыр. Нарықта оны unit-linked деп атайды. Жүйенің қалай жұмыс істейтініне тоқталсақ. Сіз өміріңізді сақтандыруға салған қаржыңызды компания инвестиция ретінде пайдаланады. Яғни нарықта акциялар мен құнды қағаздарға салып, түскен табысты сізбен бөліседі. Оқыс жағдайға тап бола қалсаңыз, сақтандыру төлемін ала аласыз.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының директоры Ерлан Бурабаевтың айтуынша, unit-linked сақтандыру мен инвестицияны бірлестірген жүйе. Енді өмірін сақтандыру арқылы табыс тапқысы келген азаматтардың құқығын толық қорғау үшін заңға өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

«Өмірді сақтандыруға қажетті қаржыны бөліп төлеуге болады. Сәйкесінше жинақ біртіндеп көбейеді. Ол инвестиция ретінде жұмсалады. Сақтандыруға қаржы салуды 10 мың теңгеден бастауға болады. Ол компанияның ішкі ережелеріне байланысты. Бірақ салым ай сайын төленуі керек. Қаржы салуды қанша уақыт жалғастыратыныңызды да өзіңіз таңдайсыз», – Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының атқарушы директоры Ерлан Бурабаев.

24 kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!