Қазіргі отбасы даулары, оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, жауаптылықтар қарастырылған. Бірақ, отбасы ішіндегі кейбір дау-жанжалдарды шешу үшін бір-бірін жауапкершілікке тартып, сот таразысына салу да орынсыз секілді.
Қазақ халқы ертеден отбасы құндылықтарына ерекше назар аударған. Үлкендерді сыйлау, кішіге ізет көрсету, бірлікті, татулықты сақтау – әрбір отбасының негізгі іргетасы болды. Отбасы іргесінің берік болғанын, шайқалмауын, дау туындаған жағдайда бітімге келтіруде елге сыйлы ақсақалдар үлес қосқан. Ақыл-кеңестерін, білген-түйгендерін айтып, дауласушылардың санасына жеткізіп, отбасы құндылығының әрдайым биік тұруы керектігін насихаттаған. Демек, «Отбасылық сот» пилотты жобасы бізге сырттан келген дүние емес. Оның негізі ертеден бастау алады. Отбасы құндылықтарын биік қою қазақ халқының қанына сіңген қасиет. Халық арасындағы «Шаңырақтарың биік болсын!», «Іргесі сөгілмесін» – деген ізгі тілектер содан шыққан.
«Отан отбасынан басталады» деген ата-бабалардан қалған қасиетті сөздің мән-мағынасы өте тереңде. Әрбір отбасы өз алдына жеке бір – Отан. Адамның жеке басының құндылықтары – бойындағы адамгершілік, әділеттілік, ізеттілік белгілері отбасында қалыптасады. Отбасы осы Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, ортаға қосатын маңызды орта.
Халықтың болашағы – ұрпағы, ұрпақтың тәрбиесі – ата-анада. Ал олардың мұраты – жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеу. Тәрбиенің қалыптасуы – ата-ана еңбегімен байланысты екендігі айқын.
Отбасының берекесі оның толыққандығында. Ата мен ананың тәрбиесі қатар жүрген отбасында үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық пен ізеттілікпен қарайтын жақсы азамат қалыптасады. «Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халқымыз. Иә, ұрпақтың тәрбиесі – қоғамның болашағы және оған аса зор жауапкершілікпен қарау – әрбір саналы азаматтың борышы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деп, М.Әуезов көрегендікпен дәл айтты емес пе? Бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі оны қоршаған ортаға, әсіресе отбасының татулығына байланысты.
Отбасы құндылығы – мемлекеттің ұстанып отырған басты саясаты. Шаңырақтың үйлесімді дамуы мемлекеттің іргетасының берік болуына қызмет етеді.

Жаңақорған аудандық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Эльмира Серікбаева

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!