Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда биыл неке бұзу деректері азайды. Бұл туралы Әділет министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, осы жылдың 1 шілдесінен бастап «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтық хал актілерін тіркеуші орган саналады. Корпорация азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуге байланысты мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің басқа да түрлерін жүзеге асырады. Ал, Әділет министрлігіне мемлекеттік деректер қорларын және ақпараттық жүйелерді жүргізу, әдістемелік және нормативтік қамтамасыз ету функциялары қалдырылды. Тіркеуші орган қызметін «АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде жүргізеді.

«Тіркеуші орган кәмелетке толмаған балалары жоқ және ерлі-зайыптылыққа қатысты даулар бойынша некені ерлі-зайыптылардың өзара келісімі негізінде бұзуы мүмкін. Азаматтар өзара келісімі бойынша ажырасуға өтініш берген кезде, ажырасуының негізгі себебін «мінездерінің келіспеушілігі» деп көрсетеді. Некелердің басым бөлігі сот шешімі негізінде бұзылған», – деп атап өтеді министрліктен агенттікті ресми сауалына орай.

Елімізде 2020 жылдан бастап сот шешімі негізінде неке бұзуды тіркеу тәртібі автоматтандырылған. Аталған мәліметтер «АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесіне Жоғарғы соттың «Төрелік» ақпараттық жүйесінен келіп түседі және неке қию туралы акті жазбасына некенің бұзылғандығы туралы белгі қойылады.

«АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесі мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылдың 1 жартыжылдығында кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптылардың некесін (ерлі-зайыптылығын) бұзуға өзара келіскен кезде тіркеуші органдарда некені бұзу туралы 9 192 акт тіркелген. 2023 жылдың 1 жартыжылдығында некені бұзу туралы 8 345 акт тіркеліп отыр», – деді ведомстводан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!