Қызметтік этиканы сақтамаған қазығұрттық полицейдің үстінен ҚР ҚК-нің 362-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кадр жөніндегі орынбасарым бастаған топ Қазығұрт ауданына аттанды. Топтың құрамында Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы және арнайы білікті мамандар бар. Олар Қазығұрт полициясының жеке құрамын жинап, жиналыс өткізді. Жиналыс жәй ғана қарапайым талқылау емес, арнайы сауалнамалар жүргізіліп, деректер ортаға салынды», – деп жазды ол facebook парақшасында.

Сондай-ақ, заңға қайшы әрекеттер дәлелденсе, тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.

«Қазіргі уақытта полицейге қатысты қылмыстық іс қозғалды, енді ол істі бақылайтын, қадағалайтын тиісті органдар бар. Сондықтан, заңға сүйенейік! Жалған ақпарат тарату, арандатушылық пен дәлелсіз сөз жазуға жол бермейік!» – деп жазды ол.

Айта кетейік, бүгін қызметтік этиканы сақтамаған полицияның бөлім бастығына қатысты оқиға тексеріліп жатқанын жазған болатынбыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!