Жаңа жылдың алғашқы күндерінде Қызылорда облысында ауа райының қолайсыздығынан электр жарығының ажырауы орын алып, халық жарықсыз қалған болатын. Осыған орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жедел жиын өткізіп, облыс аумағында бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін электр жүйелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу үшін және ақау себептерін анықтап, оны жою мақсатында комиссия құруды тапсырған болатын.

Соған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен жұмыс жасайтын комиссия құрамына облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, энергетика және ТКШ басқарма басшысы, «Қызылорда электр тарату компаниясының» ардагер қызметкерлері мен жауапты тұлғалары және «Қазақэкспертиза» ЖШС директоры енгізілді. Комиссия мүшелері Қызылорда қаласының бірқатар электр қуатымен қамту нысандарын аралап, жұмысын тексеріп, ақауларды зерделеуді қолға алды. Атап айтқанда, Тоқтыбаев көшесінің бойындағы ЦРП-3, Рысқұлов пен Ыдырысов көшелер қиылысындағы ТП-235, Алисов көшесіндегі №33-34 әуе желісі, Мерей мөлтек ауданындағы ГМЗ 35/10кВ қосалқы станциясына барып, зерделеу жұмыстарын жасады.

Бүгінгі күні өңірде электр желілері мен қосалқы станциялардың 70 пайызының тозығы жеткен. Комиссия тобы кезек күттірмейтін нысандарды белгілеу жұмыстарын жүргізіп, “КЭТТК” АҚ мамандары зерттеу актісін дайындауда. Комиссия тексеру жұмыстарын әлі де жалғастыратын болады. Нәтижесімен, тиісті жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы қарастыру мәселесі пысықталып, алдағы бюджеттік комиссия отырысында қаралатын болады.

Облыс әкімдігінің мәлімдеуінше, бүгінде мамандар тарапынан шұғыл түрде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ақаулар қайта қалпына келтіріліп, жарық берілді. Аталмыш тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелері облыс әкімінің тікелей бақылауында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!