Қарулы күштердің 30 жылдығы аясында Кызылорда гарнизонының әскери бөлімдері мен жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагерлерін 7 мамыр – Отан корғаушылар күнімен құттықтады.

«Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Мыңділда Ршауов, Қызылорда гарнизоны әскери бөлімдері мен жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері және Қызылорда облыстық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері Ұлы Отан соғысының ардагерлері Әбдірахман Байтіков пен Любовь Колесникті 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, арнайы сыйлықтарын табыстады.

«Қарулы күштердің 30 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтап келдік. Ардагерлерімізге деген мұндай құрмет тек мереке күндері ғана жүзеге аспауы тиіс. Жылдың барлық мерекелік даталарында ардагерлерімізді құттықтап, баталарын алып, әңгімелерін тыңдау біз, әскерилер үшін үрдіске айналған», – дейді Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінің аға офицері майор Батырбек Әбдірәсілов.

Кездесу барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері соғыс басталғаннан бастап Жеңіс күніне дейінгі бастан кешкен оқиғаларын мұңмен еске алып, өмір жолдарынан сыр шертті. Өздерінің осы сәтке дейінгі жинаған суреттер қорындағы әрбір суреттің тарихына тоқталып, баяндауды да ұмытпады.

Арнайы құттықтап келген әскери қызметшілерге жылы лебіздерін білдіріп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.