Министрмен таңғы ас» жобасы аясында берген сұхбатында Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қосымша білім алуға ұмтылу мектептегі білім сапасының төмендігін көрсетпейтін, керсінше заманауи үрдіске айналып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Министр репетиторларсыз оқушылардың мектеп бағдарламасына ілесуі қиын болып бара ма деген сауалға жауап берді. Ол қазіргі таңда оқушылардан бөлек, тіпті ересектердің білім алуға ұмтылатынын алға тартты.

«Бүгінгі таңда елімізде көптеген адамдар әртүрлі курстарға барып, өздерін дамытқысы келеді. Сессиялар, семинарлар, тренингтер де көбеюде. Адамдар технология мен қоғамның өте тез өзгеріп жатқанын және үнемі білім алудың қажеттілігін түсінген. Бұл уақыттың талабы», – деді министр.

Асхат Аймағамбетов Гонконг, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты елдерде репетиторлық немесе қосымша курстар Қазақстанға қарағанда әлдеқайда дамығанын тілге тиек етті. Сөзінше бұл елдерде репетитор ата-аналар үшін бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады.
«Бұл олардың білім беру жүйесі нашар дегенді білдірмейді, керсінше олар көш бастап тұр. Біз туралы да солай деуге болады. Бұл білім алудың қосымша мүмкіндіктері. Кейбірі балаларының мамандандырылған мектептерге түскенін, әлемнің ең жақсы университеттерінде білім алғанын қалайды. Бұл жалпы әлемдік үрдіс. Балалардың тіл, робототехника, шахмат, математика және т.б.курстарға баруы арқылы бәсекелестік артып келеді», – деп қосты министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!