Дана халқымыз ықылым заманнан бері татуласуды, бітімгершілікті ту етіп ұстаған. Ертеректе ауыл ақсақалдары өздері дау-дамайды жөнге салып, ауыл арасындағы дауды сыртқа шығармаған. Дау шықса елдің берекесі, бірлігі кетеді, берекесі болмаған елдің күйі де болмайды деген. Қазақ даласында әділдікті ту еткен дара тұлғалар – Төле би, Қазыбек би, Əйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін сақтауға аса назар аударған.   

Елімізде даулы мәселені оңтайлы шешудің баламалы тәсілі ретінде медиация институты енгізіліп, 2011 жылғы 28 қаңтарда медиаторлардың құқықтық тетіктерін реттейтін «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Биыл аталған Заңның қолданысқа енгізілгеніне 10 жыл толды.

  Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.

Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келуіне көмектесу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды.

Медиация жүргізу алдында медиатор оған дайындық жүргізеді. Тараптарды тыңдап, даудың шығу себебін айқындау үшін, екі жақтың пікірін толық тыңдап қажетті мәлімет жинайды. Осылайша екі тарапқа да тиімді шешім ұсынады

Медиаторға судьяның өкілеттілігі берілмеген, ол шешім қабылдай алмайды және тараптарға өз шешімін орындауға міндеттемейді. Өзінің бейтараптығы арқасында медиатор даудың мән-жайын әділ бағалап, жүгінген мәселені оңтайлы шешімін табуға өзінің заңда көрсетілген міндеттерін орындайды.

Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін. Медиатор болып тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға бола алады. Сондай-ақ, қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады. Ал, жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар, отставкадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.

Медиация – еріктілік, құпиялық, өзара сыйласушылық, тараптардың тең құқылығы, медиатордың бейтараптығы мен әділдігі, рәсімнің ашықтығы   қағидаттары негізінде жүргізіледі.

Медиация нәтижесінде дауласушы тараптар бағалы уақытын үнемдейді. Сонымен бірге, татуластыру рәсімдері негізінде келісімге келген тараптар өзара туыстық, іскерлік, сыйластық қарым-қатынастарын сақтап қалады.

Айгерім Сырымбетова,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!