Қала әкімі Ғанибек Қазантаев тұрғындарды төл мерекемен құттықтады.
Қадірлі жерлестер!
Құрметті қала қонақтары!
Өркениеттің көшін бастап, қазаққа алғаш астана болған құтты қоныс, мәуелі мекен – сүйікті қаламыз Қызылорданың төл мерекесімен құттықтаймын!
Алаш зиялыларының ордасы, қос ғасырдың куәсі, ұлт пен ұлыстың сан түрі құшағына сыйып, қазақылық иісі аңқыған Тұранның төрі құт қонған алып шаһар. Қазақтың алтын тамырының қасиет шәрбәті сіңген Қызылорда қазір даңқы асқақ, әлеуеті артқан, экономикасы өрістеген, мәдени, рухани байлығы кемелденген қала. 204 жылға аяқ басқан Сыр елінің әкімшілік әрі рухани орталығы игі бастамалар мен тың жаңалықтардың қойнауы. Керімсал Сырдың бойындағы сұлу қала биылғы төл мерекесін де жаңа жетістіктермен, жарқын жобалармен қарсы алды.
Сан тараулы саласында қызу тіршілігі тоқтамаған Қызылорда жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келеді. Тұрғын үймен қамту еселеп артып, тұрғындардың сапалы да жайлы тұрмыс кешуіне барлық жағдай жасалуда. Халқымыздың айнымас бірлігінің, тату тірлігінің арқасында Сырдың бас шаһары жаңарып, жасарып, сәні мен салтанаты келіскен, бүгінгі заманға сай келбетке ие болуда. Біз баршамыз аймағымыздың тарихымен, дәстүрімен, сүйікті қаламыздың көркем келбетімен мақтанамыз.
Қадірлі жерлестер!
Осынау мерейлі мерекеде баршаңызға мерекелік көңіл-күй, әр отбасына амандық, бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
Барлық игі бастамаларыңыз табысқа, жаңа биіктер мен шығармашылық жетістіктерге жол ашсын.
Қызылорда қаласының төл мерекесі ырысты молайтып, құт-береке сыйлай бергей!
Ізгі ниетпен,
Қызылорда қаласының әкімі
Ғ.Қазантаев
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!