Биылғы қыс елімізде жылдағыдан суық әрі қарлы басталды. Тіпті табиғаттың тосын мінезіне оңтүстік өңірдің тұрғындары шыдас бермеуде. Атап айтқанда, қызылордалықтар қыстың аязды күндерінде «шықпа жаным, шықпаның» күйін кешуде. Бүгінде өңірдегі жеке секторлардың басым көпшілігі табиғи газға қосылған. Алайда жұртшылық көгілдір отынның мүлдем қысымы жоқ екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қызылорда жазы аптап болғанымен, қысы жайлы болатын облыстардың қатарында еді. Мұндағы тұрғындар Жаңа жылды қарсыз қарсы алуға да үйреніп кеткен. Алайда биыл аяз күшіне мініп, ауа-райы қолайсыз болып тұр. Егде жастағы ақсақалдар мұндай суықтың соңғы онжылдықта болмағанын айтып отыр.

Қыс түсімен күн тәртібінде жылу мәселесі тұратыны белгілі. Әзірге көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесін қалтқысыз қамтамасыз етіп отыр. Бірақ жеке секе сектор тұрғындарының көгілдір отын сапасына көңілдері толмауда.

«Үйіміз жер там, салынған жылы жаңа. Баспанамыз көгілдір отынына қосылған, ай сайын қыруар қаржы төлейміз. Бірақ үйдің іші салқын, желді күні тіпті отыру мүмкін емес. Газды ең жоғары көрсеткішке қойсақ та, айтарлықтай жылымайды. Балаларым үшін жылу қондырғыларын пайдаланамын. Осылайша екі есе шығынға ұшырап отырмын», – дейді қала тұрғыны Сабира Егізбай.

Аязды күні жаураған жандар өз шағымдарын әлеуметтік желілерге де жиі жазып, жауапты мамандарды назар аударуларын сұрайды. Қоғам белсенділері де бұл проблемаға бей-жай қарауға болмайтынын айтып, дабыл қағуда.

«Газ қысымы төмендесе қазан қайната алмай жылу күші болмай қалатынын білесіздер. Қытайды газбен қамтамасыз етем деп өз халқын ұмытып кететін билік кімге қажет.. 40° аяз болса қайтесіңдер? Үйі суығасын қаншама адам ауырып қалып жатса, ал ол емге тағы шығын. Әрине, басшылардың үй жағындағы қысымды көтеріп қойған шығар», – деді қоғам белсендісі Болат Нұрхожаев.

Халықтың жылу іздеп, шулағанына қарамастан сала мамандары проблеманы жоққа шығарып отыр. Газ қысымының төмендеп кетуіне «баспананың қыс мезгіліне дайын болмауы себеп” дейді.

Газ қысымының төмендеу себебіне қатысты жергілікті ҚазТрансГаз өкілдері үйдің жабықталмауынан деген пікір айтты.

«Көбінесе қазандықтар мен газ плиталарының дұрыс жұмыс істемеуі мен істен шығуынан, сондай-ақ үйдің төбесінің дұрыс жабылмауынан, есік, терезелерде саңылау болуынан, қабырғаның жұқалығына байланысты қысым төмендейді.

Газ қысымының төмендегені туралы жазғанда нақты мекен-жайды көрсетіп жазсаңыздар. Сізден, жалпылама жаза салып, газ қысымы туралы аймақ халқының көп бөлігін адастырмауыңызды сұраймыз бұндай жағдайлар жаппай емес, жеке сипатта болады», – деп мәлімдеді ҚазТрансГаз Аймақ АҚ Қызылорда өндірістік филиалының өкілдігі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!