Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО) мен британиялық Дэнзел Бентли (17-1-1, 14 КО) кездесті деп хабарлады turkystan.kz Prosports.kz-ке сілтеме жасап.

Жәнібек бірінші раундтан-ақ әлем чемпионы атағы кімге тиелісі екенін аңғартқысы келді. Алғашқы үш минутта жерлесіміз жекпе-жек барысын өз қолына алып, ринг ортасын иемденді.

Қос боксшы екінші раундты белсенді бастады. Әлімханұлы қарсыластың осал тұсын аңдып, дәл соққы бағыттай білді. Британ өкілі де арагідік жұдырық жұмсап үлгерген сәттер де болды.

Үшінші және төртінші раунд та Жәнібектің басымдығымен өтті. Бентлиді бұрышқа тақап, төрт-бес соққыдан құралған әдемі комбинация жасады. Қарсылас қорғануымен ғана жүрді. елесі үш раундта Бентли батылдық танытты. Әу баста қорқып жүргендей көрінген қарсылас Жәнібекпен тең деңгейде жұдырықтасты. Айтары бар екенін аңғартты. Шабуылға шабуыл, соққыға соққымен жауап қатты. Ал Жәнібек бапкерлер қанша ескертсе де, бір тактиканы қолданды. Сол қолымен жойқын соққы бағыттайтын ұрымтал сәт іздеп жүрді.

Осыдан кейін Бадди МакГирт шәкіртінен бір сәт қана іздемей, джебпен жұмыс істеп, сериялы соққылар бағыттауын өтінді. Он бірінші раундты бапкердің айтқанын тыңдаған жерлесіміз белсенді өткізді.

Соңғы үш минутта Жәнібек шаршаңқы көрінді. Кездесуді нокаутпен аяқтайтын ой болғанымен, білекте күш қалмаған еді.

12 раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті Жәнібекке берді. «Қазақ стилі» WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!