Жалағаш ауданында «Серіктес директорлар» лигасының «Білім берудегі жаңа басымдық» тақырыбында көшпелі отырысы өткізілді.

Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мен Қызылорда облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова, «Серіктес директорлар» лигасының қала және аудандағы мүшелері қатысты.

Жиынға қатысушылар ең алдымен ерекше балаларға ерекше жағдай жасап, инклюзивті білім беруді дамытып отырған аудандағы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде болды. Қонақтарға білім ордасындағы «Мұрагер» домбырашылар ансамблінің, мектеп парламентінің, «Оқуға құштар мектеп» оқу алаңы мен соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған инклюзивті сыныптарын таныстырды.

Мұнан соң, жиынға қатысушылар З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің жұмысымен танысты. Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын білім ордасындағы оқушылардан жасақталған оркестр, ұлттық ойындар (ләңгі, асық ату, бес асық) үйірмелері, «Ана мейірімі» аналар мектебі мен «Ұлағат» әкелер мектебінің жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, әкелер мектебінің төрағасы, ардагер ұстаз Әбілхайыр Ералиевтің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған ұлттық этнографиялық кабинеті таныстырылып, мектеп театрының қойылымы көрсетілді.

Ары қарай шара «Серіктес директорлар» лигасының “Білім берудегі жаңа басымдық” тақырыбындағы көшпелі отырысымен жалғасты. Директорлардың басқосуында «Мектептегі көшбасшылық және адам ресурстарын дамыту» туралы Т.Жүргенов атындағы 123 мектеп-лицейінің директоры Л.Шөменова мектеп ұстанымын білім беру сызбасы арқылы көрсетіп, дамытушы топтардың жұмысына тоқталды. Содан соң, І.Қабылов атындағы 32 мектеп-лицейінің директоры Б.Әбдіриева “PRO INT” эксперименттік алаңындағы кәсіптік бағдар беру турасында өз ойларымен бөлісті.

Пікірталас алаңында Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Ноғайқызы мен облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызы бүгінгі күні білім саласына қойылып отырған талаптың жоғарылығына, мектеп директорларының ұжымды басқару қадамдары мен тетіктеріне, жетістікке жету мүмкіндіктеріне тоқталды.

“Іс-тәжірибе алмасу бағытындағы №201, №202 мектептердің құндылыққа негізделген тәрбие жұмыстарын, инклюзивті білім берудегі жаңашылдықтарды көрдік. Осы секілді жұмыстар өңіріміздегі барлық мектептерде жалғасын табуы тиіс. Ал мектеп директорлары осыған сәйкес сапалы жұмыс жасауы керек. Сапаға бағытталған жұмысты жүйелендіруде талдау, сараптау, дамытуға басымдық беріп, нәтижелі жұмыс көрсету қажет”, – деді басқарма басшысы Ақзира Қасымова.


Жалағаш ауданында өткізілген «Серіктес директорлар» лигасының көшпелі жиыны алдағы уақытта барлық ауданда өткізілетін болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!