Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында №11 жалпы білім беретін мектеп мұғалімдердің жұмыс сағатын шамадан тыс жүктемемен көрсеткен. Мұндағы құжаттарда ұстаздар күніне 15 сағат жұмыс істеген және сол үшін мемлекеттен артық ақша алып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловтың мәліметінше Еңбек кодексінде жұмыс аптасы 40 сағаттан аспауы керек деп белгіленген. Ал бұл мектепте ұстаздар аптасына 77 сағат қызметте болған.

«Егер заң бойынша бір педагогқа бір жұмыс аптасында (алмастыру жүктемесімен бірге) 24/32 сағат қарастырылса, Еңбек кодексінде жұмыс аптасы 40 сағаттан аспауы керек деп белгіленген. Ал Мұнайлы ауданындағы №11 жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің аптадағы қызмет уақыты 77 сағатты құрайды», – деп жазды Дидар Смағұлов. 

Сағат санын артық жазу арқылы мектепке 2019 жылы 6,2 млн, 2020 жылы 7 млн, 2022 жылы 17,1 млн теңге ақша артық аударылған. Үш жылдағы шығын 30 млн теңгеден астам болған. 

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алдағы уақытта бұл мектепке аудит жүргізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!