Сыр еліндегі білімнің қара шаңырағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті сексен бес жылдық мерейлі мерекесін тойлауда. Осы жылдар бедерінде көкжиегін кеңейтіп, мәртебесін биіктеткен білім ошағының жетістіктері жетерлік.Соның айқын дәлелі ретінде жақында ғана Азия елдері жоғары оқу орындарының QS Asia 2023 рейтинг нәтижесі бойынша үздік жоғары оқу орындарының қатарынан табылғанын айтар едік. Халықаралық рейтингте жоғары көрсеткішке қол жеткізу университет басшылығының ұжыммен бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесі деп білеміз.

Мені аталған оқу орнымен журналистика мамандығы байланыстырады. Мамандықтың ашылғанына да ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті…

Сәл шегініс жасасақ, журналистика мамандығы сол кездегі университет ректоры Бақберген Сәрсенұлы Досмамбетовтің тікелей ықпал етуімен 1996 жылы ашылды. Бұл игілікті істің жалғасын табуына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің ғалымдары, тәжірибелі оқытушылар Бауыржан Омарұлы мен Амантай Шәріп қолдау көрсетті. Олармен бірге арман қала Алматыдан оқу орнын енді аяқтаған жас мамандар Асыл Оразова мен Аякөз Әбдіразақова алғашқы қабылданған студенттерге мамандықтың қыр-сыры туралы дәріс оқыды. Оқытушы атанғаны болмаса, өздері де өрімдей жас қыздар білім алушылармен тез тіл табысып, білгенін үйретуге тырысты.Журналистиканың алғашқы әліппесін меңгерте бастады. Әр баланың жүрегіне жол тауып, мамандыққа қызығушылықтарын арттырды. Осылайша, өңірімізде ақпарат өкілдерін даярлау ісі қолға алынған болатын.

Арада екі жыл өткенде т.ғ.д., профессор Қ.А. Бисенов басқаратын оқу орнына Гүлмира Әшірбекова екеуміз оқытушы болып қабылдандық. Гүлмираның Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын  тәмамдаған жылы екен. Ал мен бұған дейін ұлттық университетті аяқтап,  Алматыда Ішкі істер министрлігіне қарасты «На страже-Сақшы», Қызылорда қалалық «Ақмешіт ақшамы» газетінде тілші болған едім.Білім беру саласы және ғылым жолында да қазақ журналистикасының корифейлері Тауман Амандосов, Марат Барманқұлов, Әбілфайыз Ыдырысов, Намазалы Омашев, Бауыржан Жақыптай ғалымдардан дәріс алғанымыз көп көмегін тигізді.

1998 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының меңгерушісі Жеңіс Сәдуақасұлы болды. Ағай бізді жылы қабылдап, мамандыққа қатысты құжаттармен таныстырды. Жұмыс бағдарламаларын жасау, әдебиеттермен қамтамасыз етуде ақыл-кеңесін аяған жоқ. Қамқорлығы басым. Басқару стилінде  ішкі мәдениеті, білімі, тәжірибесі, әсіресе адам факторын бірінші орынға қоятындығы тәнті етті.Сондықтан да болар, ұжымға тез бауыр басып, жұмысқа кірісіп кеттік.

Кез келген жаңа істің бастауында қиындық болатыны заңдылық. Дей тұра, алғашқы кезде оқу құралдары жетіспей, қиналған тұстарымыздың болғаны рас. Компьютердің енді қолданысқа еніп жатқан кезі. Қалайда тығырықтан шығудың жолын тауып, Мәскеу, Алматы сияқты үлкен қалалардан кітап алдырып, облыстық телерадио қызметкерлерімен байланыс орнаттық. Кейде ақпарат құралдарының халық алдында жүрген танымал өкілдерін шақырып, шеберлік сыныптарын өткізуді ұйымдастырдық. Қабырға газетін шығарып, білім алушыларды шығармашылық өнерге баулыдық. Қайтсек те мамандыққа қызықтырудың жолын қарастырдық. Университет басшылығы да қолдан келген көмегін аяған жоқ. Кітапхана қоры әдебиеттермен толығып, құрал-жабдықтар алынып, материалдық-техникалық база жабдықтала бастады.

Айта кететін нәрсе, болашақ журналистердің жазу машығын қалыптастыруда университеттің  «Сыр түлегі» газетінің  орны ерекше. Газет шығару ісіне студенттерді жұмылдырдық. Редакцияға іздеп келушілердің саны көбеймесе, азайған жоқ.Газет бетінде университет жаңалықтары, түйінді мәселелер, жастар проблемалары, оқу ұйымдастыру ісі, жатақхана тұрмысы, басқа да тақырыптар көтерілді.Ұстаздар шығармашылығы назардан тыс қалмады.Факультеттегі «Филолог» қабырға газеті де ай сайын тұрақты шығып тұратын. Бұның барлығы осы мамандықты жолға қойсақ деген ізденістен, игі ниетпен жасалған қадамдар болатын. Осы жұмыстардың басы-қасында төртеуміз қатар жүрдік.

«Көреген басшы елді өсіреді» дегендей, университет ректоры Қылышбай Алдабергенұлының  ізденуші жас ғалымдарға шарапаты көп тиді. Солардың қатарында Гүлмира екеуміз ғылыми тағылымдамадан өтіп, кандидаттық диссертациямызды сәтті қорғадық. Асыл мен Аякөз магистрлік диссертацияларын қорғаған соң бертінде оқу орнының докторантурасын абыройлы аяқтады.Қатарымыз жас мамандармен толықты. Шәкірттеріміз –Ақерке Жолмаханова PhD доктор атанса, Гаухарай Есімова – ЕҰУ докторанты, Серікхан Жүзеев гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы болды.

Қазақта «Өмірдің өзі – ұлы ұстаз»,«Түстік өмірің болса, кештік білім жи» деген сөз бар. Бірде «қазақ әдебиеті және журналистика», бірде «қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасы аталған ұжымды әр кездері ф.ғ.к., доцент Алдажар Әбілов, ф.ғ.д., қауымдастырылған профессор Мұратбек Айтимов, ф.ғ.к, профессор Ұлжан Жаңбершиева, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Ғабит Тұяқбаев басқарған тұстарда кафедраның профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуеті арта түсті. Қазір кафедраны алдыңғы буын ағалардың жолын жалғап, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Әсия Алмауытова басқарады. 

Зымыраған уақыт көшінде аталмыш мамандықты бірнеше толқын түлектер бітіріп шықты. Алды мұхиттың ар жағында білімін шыңдаса, соңғылары аймағымыздағы журналистика қазанында қайнауда. Қуанарлығы – оқу орнын бітірген шәкірттеріміз қазіргі күні еліміздің түкпір-түкпірінде «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар таратып» жүр. Өмірдің қызу ортасында жүрген олардың газет-журнал, телевизия саласында айтарлықтай орны бар. Қазақстан халқын тікелей эфирде әлем жаңалықтарымен таныстырып, халықаралық жағдайға шолу жасап жүрген түлектеріміз университетіміздің мақтаныштары. Олар шет тілінде өзгелермен тең дәрежеде еркін сөйлейді. Заманауи технологиямен ақпарат беру тәсілдерін меңгерген. Айталық, Ғалымжан Бәйімбет – «Хабар24» телеарнасының Лондондағы меншікті тілшісі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ал, Нұрбек Әмиша «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен шетелде білімін жетілдіріп келді. Бүгінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы. Демек, Сыр бойының «журфагы» алды шетелдерде беделді қызмет істейтін журналистерді тәрбиелеп шығаруда да бәсекеге қабілетті.

Сондай-ақ Президенттік шәкіртақымен оқитын, Ғылым және жоғары білім министрінің алғыс хатын иеленген, жыл сайын өтетін республикалық пәндік олимпиадалардан үнемі алдыңғы орындардан көрініп жүрген, ғылыми жобаларда үздік деп танылған студенттеріміз де баршылық.

Журналистика – теорияға емес, көбіне практикаға негізделген мамандық. Еш базасыз, яғни студия, зертханалық орындарсыз маман даярлау нәтиже бермесі белгілі. Осыны анық ұғып, түсінген Ғабит Әнешұлының кафедра басқарған кезінде бірнеше рет ұсыныс жасалып, телестудияның ауадай қажеттілігіне басымдық берілген болатын. Сондықтан жаңа идеялар мен жаңа бастамалардың жанынан табылатын Бейбіткүл Сәрсемханқызы ректор болып келген алғашқы жылы-ақ бұл мәселе дер кезінде шешімін тапты. Сөйтіп  шәкірттерімізге 2019 жылы №1 оқу ғимаратында заманауи техникалық құралдармен жабдықталған телестудияда хабар дайындау бақыты бұйырды. Оларға алдыңғы толқын түлектер қызыға қарайды.

Білім алушыларға да, оқытушыларға да үлкен мүмкіндік берген білімнің алтын ордасы, ыстық ұямыз – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің мерейлі мерекесі баршамызға құтты болсын!

Зухра ЕРМАҒАНБЕТОВА,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы,

филология ғылымдарының кандидаты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!