Әлем бір орнында тұрмайды. Дамып, өркендеп жатыр. Әлбетте, барлығының басында ғылым тұр. Ғылымның көсегесі көгермей, тірлік өнбейді. Бұл – әлімсақтан келе жатқан ұстаным. «Ғылым таппай мақтанба» деген Абай осыны біліп айтқан шығар…

Қазақ ғылымы, оның ішіндегі Сырдағы ғылым қаншалықты дамып жатыр? Бүгінгі ғалымдардың ашқан тың жаңалығы бар ма? Ғылымнан өндіріске қалай қадам басып келеміз? Ойдағы сауалды ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Жас ғалымдар кеңесі президиумының мүшесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың бас ғылыми қызметкері, PhD, қауымдастырылған профессор (доцент) Нұрғали Ақылбековтен сұраған едік.

– Нұрғали Икрамұлы, жас ғалымдар кеңесі немен айналысады? Құрамында міне, тыңнан түрең салған талант деп көрсетер жас ғалымдар бар шығар? Нәтиже қандай?

– Ең алдымен, өңірдегі жас ғалымдар кеңесі туралы айтайын. Кеңес 40 жасқа дейінгі ғалымдарды қамтиды. Ғылымның әр саласынан көзге түсіп жүрген белсенді ғалымдар бар. Міне, кеңестің мәнін осы кезден-ақ түсініп отырған боларсыз. Біз әр түрлі саладағы мәселелерді қамтимыз. Мұнан бөлек, жас ғалымдарға кеңес береміз, ғылыми жобаларды рәсімдеу, оларды конкурсқа беру, ғылыми мақала мен патент жазу бағытында көмек береміз. Семинарлар мен шеберлік сағаттарын өткізіп тұрамыз. Әлем бір орнында тұрмайды. Ғылым да сол сияқты, үнемі дамуда болу керек. Біз ізімізден ерген жас ғалымдарға осыны айтып келеміз. Бағыт-бағдар береміз.

– Топты жарып жүрген жас ғалымдар бар ма? Олардың еңбектері қандай?

– Әрине ондай ғалымдар жетерлік. Мәселен, Казан қаласында кандидаттық диссертациясын қорғаған Рахымжан Ахметханұлын айтуға болады. Қазір ол физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханада аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Қазір ол дәрілік препараттардан да күшті заттарды синтездеумен айналысып жатыр. Археолог Ислам Құрманиязов та – осындай мақтаулы азаматтардың бірі. Ол Жанкент көне қаласында экспедицияда болып, бізге дейінгі ата-бабамыздан әрі өмір кешкен жандардың тұрмыс-тіршілігімен таныстырып жүр. Көп ізденеді. Қазір ел көлеміндегі, әлемдік деңгейде зерттеулер жүргізуде. Оның ғылыми еңбектері әлемдік деңгейдегі ең мықты журналға, баспа құралына шықты. Осы күні ол әлемдік деңгейде жапондармен бірлесіп, зерттеу жасап жүр. Тағы бір ғалымды атар болсам, ол – Ерлан Шынбергенов. Ерлан gis карталармен жұмыс істейді. Өңірдегі өзен-көлдердің карталарын дайындайды. Энциклопедия да дайындауда. Оның жары – биология ғылымдарының кандидаты, түрлі қызықты зерттеулермен айналысып жүрген ғалым. Урбанизацияланған жерлердегі жыртқыш құстарды зерттеп жатыр. Оның айтуынша, қазір қалалық аумақтағы жыртқыш құстар қоқыс қалдықтарымен қоректеніп жатыр. Тіпті түрлі дәлелдемелер келтіреді. Бұл – экологиялық катастрофа.

– Бізде ғылымға қаншалықты көңіл бөлінеді? Мемлекеттік деңгейдегі қолдаулар көңіліңізден шыға ма?

– Ғылымға 2019 жылдан бастап, мемлекеттік деңгейде көптеп көңіл бөліне бастады. Бұл – бұған дейін ғылым қараусыз қалды деген сөз емес. Бұрын да қолдау болған. Ал 2019 жылдан бастап, арта түсті. Бізде гранттық қаржыландыру жобалары бар. Сол жобаларға тәжірибелі ғалым да, енді ғана ортаға ене бастаған ғалым да, барлығы қатыса беретін. Жетекші ғалым мен жас ғалым бір конкурста түссе, қаншалықты екенін өзіңіз түсіне беріңіз. Жас ғалымдар шетте қалып қойып жатты. Сол уақытта жас ғалымдар кеңесі тиісті басшылыққа арнаулы ұсыныс айтып, мәселені дәлелдеп, тек қана жас ғалымдарға арналған екі конкурсты алып берді. Міне, сол сәттен бастап, конкурсқа түскен жас ғалым «қасқырлармен» емес, өзінің деңгейіндегі ғалымдармен сайысқа түсе бастады. Бұл жас ғалымдарға үлкен мүмкіндік сыйлаған бастама еді… Жас ғалым өзінің алғашқы қадамымен келіп, кейін жетекші ғалымның көмегімен биікке қанат қаға түседі.

– Бұрын ғалымдар бос қалып, тіпті такси жүргізушісі болып кеткен де кез болды, иә… Сол уақытта қолын бір сілтеп, басқа салаға ауысып кеткендер де аз емес шығар… Қазір сіздің табысыңыз жеткілікті ме?

 – Бес-алты жылдың көлемінде әлгі мен жоғарыда айтқан конкурстар жыл сайын өтетін болды. Ал оған дейін гранттық конкурстар тек үш жыл сайын болатын. Өткен адам жолы болып, ары қарай жүреді де, өтпеген адам қол қусырып қалып қоятын. Ол не басқа саладан нан табады, не келесі үш жылды күтеді. Сол уақытта айлық жалақы да мардымсыз еді. Ғылымда тек шыдамдылар қалды деп айтуға негіз бар. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Айлық жалақы өсті, гранттық конкурстар жыл сайын өтетін болды. Ғылымға бөлінетін қаражат бұрын ішкі жалпы өнімнің 0,03%-ы болса, қазір 0,16%-ға дейін жетті. Едәуір айырмашылық бар. Әжептәуір алға жылжу, әжептәуір мүмкіндік.

2024 жылы Ұлттық ғылым академиясында ел Президенті жас ғалымдармен кездесті. Сол кезде Мемлекет басшысы он жас ғалымға пәтер кілтін табыс етті. Бұл тек Алматы мен Астана қалаларындағы ғалымдар еді… Негізі 200 жас ғалымға пәтер береді делінген, қалғаны конкурстық негізде баспанаға қол жеткізді.

– Қазір өзіңіз мүше болып отырған ҰҒА жас ғалымдар кеңесінің президиумының өзіне өңірлерден мүше болмайтын. Тек қана Алматы, Астана қалаларынан еді. Қазір өңірдегілер де мүше бола алады. Сол тәрізді пәтер алу бақытына өңірдегі ғалымдар да кенелуі мүмкін бе?

– Мен осы мәселені сала министрлігі мен жергілікті әкімдік тарапынан біздің университетте өткен кездесуде көтерген едім. Жергілікті жас ғалымдарға да қолдау керегін, баспана беру керегін айттым. Сол кезде министрлік өкілі әкімдікке тапсырған еді. Бұл мәселе оң шешімін тауып, шешіліп қалуы да мүмкін. Үміт бар. Өйткені, қазір жергілікті әкімдіктерден ғылыми кеңестер ашылды. Бұл кеңесті тікелей Ұлттық ғылым академиясы бақылайды. Мүмкін, болашақта пәтер беру мәселесі шешіліп те қалатын шығар деуім сондықтан. Барлығы ғылыммен тікелей байланысты болып тұр.

Тағы бір айта кетерлігі, әкімдік жанынан ғылыми қоғамдық кеңестер ашылды дедім ғой. Қуанарлығы, ғылымды қаржыландыру көздері ашылып жатыр. Біз үшін бұл – үлкен қуаныш

– Жапондар ғылымға ден қойып, «Toyota»- ны шығарды. АҚШ пен Қытай да сол бағытпен «Iphone»-ды шығарды. Ал біз ғылымға ден қойып, не шығардық? Не шығара аламыз?

 – Біз көлік шығарамыз, телефон шығарамыз деп айта алмаймын. Бірақ біз солардың белгілі бір бөлігін шығаратын деңгейге жетсе те, сол – бізге үлкен олжа. Мысалы, академик Асқар Жұмаділдаев кездесуде «сен көлік шығармай-ақ қой, сен оның дөңгелегін шығар. Сол дөңгелектің кішкентай бір болтын шығар. Соның өзі – ғылым үшін үлкен жетістік» деген еді. Академиктен асып қайда барайын, сол кісінің сөзімен келісемін.

– Біз қазір қай деңгейіндеміз? Дөңгелекті немесе бұрандалы болтты шығардық па?

– Қазір бізде негізінен қолданыстағы бағытқа көп көңіл бөлінеді. Сіз зерттеу жүргізесіз, зерттеуіңізді коммерциялизациялайсыз, өнім шығарып, оны табысқа айналдырасыз. Қазір іргелі ғылымнан қолданбалы ғылымға өтіп жатырмыз.

– Демек бір ғалым зерттеу нәтижесінде ерекше қасиеті бар сабын ойлап шығарды. Оны патенттеді. Содан кейін кәсіп аша ма, әлде кәсіпкерге бара ма?

– Кәсіпкерге барады.

– Яғни ғалым инвесторды өзі іздеп табады. Солай ма?

– Дәл солай. Кәсіпкерге барып, өзінің жобасын таныстырады. Егер кәсіпкердің қызығушылығы болса, онда әрі қарай өндіріске кетеді.

– Қазір ғалымдардың жобаларына қызығушылық танытып жүрген кәсіпкерлер көп пе?

– Олай айта алмаймын.

– Демек біз дұрыс бағытты таңдауымыз керек шығар… Аймақтың табиғи, климаттық ерекшелігі мен дәстүріне, кәсібіне қарай ауысуымыз керек шығар… Мәселен, өзіңіз айтып өткен Нұрбол Аппазовтың мұнай қалдықтарын қайта өңдеп, одан мұнай өндірген жобасы кәсіпкерді қызықтырды ғой… Мысалы, агроаймақпыз. Біздің өңірде мал шаруашылығы, ет бағытындағы мал шаруашылығымен айналысатындар көп. Бәлкім, малды тез семіртетін зиянсыз дәрумендер ойлап табуға болатын шығар… Сол тәрізді сүтті табиғи жолмен көбейтетін нұсқалар…

– Білесіз бе, ол үшін көп уақыт керек. Ғылым бір күнде, екі жылда жаңалық аша салмайды. Сіз бір жаңалықты ашу үшін он жыл немесе он бес жыл зерттеу жасауыңыз мүмкін. Бүгін мал шаруашылығы өңірде жақсы дамып тұрғанда ол дәрумен керек болуы мүмкін. Ал оны он бес жылда жасап шыққан кезде, ол өзінің қажеттілігін жоюы ықтимал. Оған сізге ешкім кепілдік бермейді. Ғылым – әрі нәзік, әрі күрделі сала.

– Мағыналы сұқбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!