Балаларды мектепішілік есепке алудың ешқандай құқықтық салдары жоқ. Ол тек баланы кез келген проблемадан алып шығуға бағытталған. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мектеп жасындағы әрбір баланың мінез-құлқына сынып жеткшісі, мұғалімдер, мектеп директорлары баға беріп, олар арнайы есепке алынады. Әрбір баланың басындағы проблемаға жеке тоқталып, жеке талданады. Бұл мектепішілік есептің ешқандай құқықтық салдары жоқ. Ол тек баланы кез-келген проблемадан алып шығуға бағытталған. Қазірдің өзінде осындай 6 мың бала есепке алынып, қолдау шаралары көрсетілуде», – деп тоқталды Еділ Оспан.

Бұл ретте ол балалардың құқығын қорғау мен олардың арасындағы буллингтің алдын алу үшін педагогтердің біліктігін жетілдіру маңызды екенін айтты. Сондықтан мұғалімдерге арнайы курстар ұйымдастырылады.

«Министрлік білім беру саласында тәрбие жұмыстарына басымдық беріп келе жатыр. Сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары арқылы балаларға төнетін қауіптің алдын алу бойынша әдістемелік көмек, кеңестер береміз. Бүгінде қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесін оң бағалауға болады. Балалар арасындағы құқық бұзушылықтың төмендеу үрдісі бар екені байқалады. Дегенмен соңғы кезеңдерде балалар арасындағы зорлық-зомбылық, қатыгездік фактілерінің өткен жылмен салыстырғанда өсуін байқап отырмыз. Бұл ерекше алаңдатарлық жағдай», – дейді Еділ Оспан.

Вице-министр сөзінше бұл мәселеге мына 5 фактор әсер етіп отыр:

– ұрпақтар сабақтастығының әлсіреуі;

– ата-аналардың мектептегі тәрбие процесіне қатысу деңгейінің төмендігі;

– отбасындағы тәрбиенің осалдығы;

– интернеттің ашықтығы;

– пандемияның салдары.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!