Жанар Мұсаханқызы,

«Orda» жоғары колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

‒ Жанар Мұсаханқызы, әңгімемізді оқу орнындағы жаңалықтар мен биылғы жетістіктерден бастайықшы… Онлайн оқудан кейінгі уақытта колледжде қандай өзгерістер бар?

‒ Өзіңізге белгілі, өткен жылдан бастап қашықтан білім беру жүйесіне көштік. Биыл Білім және ғылым министрлігінің арнайы нұсқаулық хатына сәйкес дәстүрлі түрде оқытуға рұқсат берілді. Қазір таңда І курс білім алушылары 10 сыныптың бағдарламасын оқуда, олар 9 сыныптан кейін ақылы және мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға тапсырған. Негізі былтырғы оқу жылынан бастап студенттер мектеп бітіргені жөніндегі куәлік, аттестат балымен қабылданды, биыл дәл сондай, бірақ құжат қабылдау электронды нұсқада жүргізілді. Порталға енгізілген соң талапкер өзінің қай күні құжат тапсырғанын және  қорытындысын үйінен көрді. Биыл сынақ болған жоқ, талапқа сәйкес 9 сыныптағы аттестаттың орташа балы, яғни қазақ тілі, математика, Қазақстан тарихы пәндері негізге алынып, 3 пәннің орташа балының қорытындысы бойынша оқуға түсті. Грантты ұтып алу үшін білімнің орташа балымен сәйкес квоталық жүйелер қарастырылған. Ауылдық жерден шыққан, көпбалалы отбасы, әлеуметтік жағдайы төмен, жартылай жетім, толық жетім сияқты квоталарға байланысты пайызы бөлініп тұрды. Тағы бір айта кететін жайт, осыған дейін Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжі болып келген оқу орнының атауы былтыр «Orda»  болып ауысты.

‒ Дәл қазіргі уақытта мамандықтың қай бағытына ерекше көңіл бөлінуде,  яғни қандай мамандыққа сұраныс жоғары?

‒ Биыл колледжде 195 студент  мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуда. 9 сынып негізінде техникалық мамандықтар және бастауыш білім беру мамандығы бойынша орыс тобына мемлекеттік тапсырыспен қатар, дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша грант ұтып алдық. Сондай-ақ бізде гуманитарлық, техникалық, ақпараттық жүйе бағыттары бар. Техникалық мамандықтың ішінде электрмен қамтамасыз ету, ғимараттар мен құрылымдарды салу, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу, ақпараттық жүйе  мамандықтарына сұраныс өте жоғары.

‒ Оқу орнындағы әрбір студентті «болашақта қайда жұмыс істеймін?» деген сауалдың алаңдататыны рас. Сіздер де бұл жағдаймен жыл сайын кезігетін боларсыздар. Жалпы студенттердің жұмысқа орналасу деңгейі көңіл көншіте ме?

‒ Қызылорда қаласының зейнетақымен қамтамасыз ету орталығының мәліметіне сүйенсек, түлектердің 90 пайызға жуығы жұмысқа орналасқан. Ақпараттық жүйе мамандығын бітірген студенттер IT-park-те, ал «Есеп және аудит» мамандығында білім алған шәкірттер банкте, педагогикалық мамандықты бітіргендер мектепте, балабақшаларда жұмыс істеуде. Екінші жоғары оқу орнына тапсыруға ниет білдірген студенттер де бар. Біз оларды да жұмыспен қамтуға қосамыз. Өзінің мамандығы бойынша әрі қарай жалғастырып жатқандар бар. Көбісі Қорқыт ата  атындағы Қызылорда университетінде қашықтан білім алуда.

‒ Студенттердің бос уақытын тиімді өткізу үшін қандай жобалар қолға алынған?

‒ Сабақтан тыс уақытта «Жас сарбаздар» мектебі жұмыс жасайды. Бұл жайлы әлеуметтік желіге де жарияланды. Одан бөлек мамандықтың ерекшелігіне сәйкес пәндік үйірмелер, пікірталас орталықтары, қыздар арасында «Шашбаулым», «Сырғалым» сынды үйірмелер бар. Колледждің материалдық база өте жақсы, жылдан-жылға жаңартып отырамыз.

‒ Қай кезеңде де бәсеке маңызды. Қазір барлық оқу орны жаңа заман талабына сай болуға талпынады. Осы жерде талапкер «неге Orda жоғарғы колледжін таңдау керек?» деген заңды сауал туындайды. Бұл жайында сіз не айтар едіңіз?

‒ «Orda» – орыс тілінде оқытатын бірден-бір жоғары колледж. Мұнда қазақ тобымен қатар орыс тобы да қатар жүреді.

Еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандарды даярлап шығу – біздің басты міндетіміз. Болашақта «Бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығын ары қарай дамытсақ дейміз, бұрын бізде «ақпараттық жүйе» мамандығы болса, қазір «бағдарламамен қамтамасыз ету» деп атауы өзгерді. Қоғамның сұранысына сай осы бағытқа көңіл бөліп отырмыз. Тас қалаушы, құрылысшы, электрик, техникалық жөндеу орталықтарының біліктілігі бойынша маман даярлаудамыз және ол үшін  кадрлар құрамы жеткілікті. Бізде Қызылорда жылу орталығы, электр жарығымен қамтамасыз ету, педагогикалық мамандықтар бойынша мектептер, балабақшалар, IT-park, теміржол көлігіне қызмет көрсету мамандығы бойынша теміржол магистралімен байланыс орнатылған. Кез келген уақытта студенттер тәжірибе алмаса алады және сол жақтан кәсіби оқытушылар бізге келіп жұмыс жасайды. Студенттер оқуды бітіргеннен кейін өзінің мамандығын әрі қарай жалғастырып оқи алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ