Бұл орталықта қазақылыққа тән дүниенің түр-түрі бар. Заман ағымына сай дайындалған сапалы, арнайы тапсырыспен тігілген құрақ көрпелер, ұлттық өрнек бейнеленген жастықтар мен бесік, дастархандар, тұсау-кесер жиынтықтары көздің жауын алады. Ағайынды кәсіпкерлер Жанар мен Шынар Прекеевалар негізін қалаған «Kerim Sulu» орталығының қала тұрғындары тарапынан жоғары сұранысқа ие болу себебі де осы. Жаңашылдыққа ұмтылған Жанар Мақсатқызымен тілдесу барысында ұлттық брендтің қалыптасу жолы жайында сұрап білдік.

− Жанар, ұлттық қолөнерге ерекше мән беріп, қайта жаңғыртып жүрсіздер. Не үшін кәсіп бастауда осы бағытты таңдадыңыздар? Жалпы тігін саласына бұрыннан қызығасыздар ма?
− Кәсіп бастамас бұрын да ұлттық қолөнер жаныма жақын. Себебі колледж қабырғасында кәсіптік салада білім алатын жастарға сабақ беремін. Аталған салада тігін үйрету бағыты да қарастырылған. Ұлттық нақыштағы туындыларға деген қызығушылығымды 2017 жылы Англияға білімімді жетілдіруге барған сапарым арттыра түсті. Сол елден қайтар сәтте тігін машиналары қойылған үлкен дүкенге жол түсті. Осы жерде кәсіп ашуға жетелеген үлкен мақсаттарым пайда болды. Елге келген соң ерекше жобамен айналысқым келді. Әдетте қазақ халқы қыз баласын аққудай аялап, мәпелеп өсіреді де тұрмысқа шығар сәтте жасауына ерекше мән береді. Сондай әдемі дүниелерді, яғни қазақ қызының жасауын ұлттық брендке айналдырғым келді. Анамның қолына ине ұстап, түрлі ою-өрнекке жан бітіргенін бала күннен көріп өстік. Өзім ұстаз әрі ана атанғаннан кейін қосымша табыс тауып, кәсіп бастағанды жөн көрдім. Осылайша «Kerim Sulu» орталығы дүниеге келді.
− Аталған кәсіпті қолға алған сәтте қандай қиындық болды? Қазір тұрғындарға қандай топтамалар ұсынылуда? Көпшіліктің сұранысы қандай?
− Қыз жасауын ең алғаш қырық мың теңгеге сатып алған ескі тігін маши­насымен бастадым. Сондықтан кәсіпті игеру, ойлаған мақсатымызға қол жеткізу оңай болды деп айта алмаймын. Біз дайындаған өнімдеріміздің брендке айналуын армандадық, қолымыздан келгенді жасап, барынша тырыстық. Бірақ үш жыл ішінде осындай үлкен нәтижеге жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Бастысы мен бұл кәсіп түрін жақсы көріп жасадым. Алғашында кәсіпті туыстарымыздың тапсырысын тігіп бастап едік, ал қазір тұрғындар тарапынан тапсырыс өте көп. Мұның бәрі халықтың, адал еңбектің нәтижесі деп ойлаймын. «Kerim Sulu» мен үшін ғана емес, Қызылорда қаласында бірінші орында тұратын орталық екеніне сенемін. Өйткені біз сапаны бірінші орынға қоямыз және ешкімге ұқсамауға тырысып, ерекше дизайнда жұмыс жасаймыз. Бізде «Хан», «Алмагүл», «Арайлым» топтамаларына жиі тапсырыс бар.
− Мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?
− Қазір елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға ерекше мән берілуде. Бұл – кәсіпкерлік саласының басым бағыттарының бірі. Себебі аталған саланың әлеуметтік маңызынан бөлек, халықты жұмыспен қамтуда атқаратын рөлі басым. Цехқа жеті адамды жұмысқа қабылдадық. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры біздің жобаларымызды жүзеге асыруға және одан әрі кеңейтуге әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Осыдан бірер жыл бұрын «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 миллион теңге несие алдық. Сондай-ақ орталықтағы өнімнің көлемін арттыру және цех аумағын ұлғайту мақсатында өткен жылдың желтоқсан айында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында алты пайыз жеңіл несиемен 14,0 миллион теңгеге қол жеткіздік.
− Сұхбатыңызға рақмет!

Еңлік НҰРТАЙҚЫЗЫ