Киім өндірісі – нарықтағы басты саланың бірі. Сұранысқа сай тауарлар да жылдан-жылға артып келеді. Сауда нүктелері онлайн жүйеге көшкенімен, ұлттық брендтегі киімдер – алдыңғы орында. Осы орайда заманауи әрі қазақы нақышты тоғыстырып, ұлттық құндылықтарды киім арқылы ұсынып жүрген «Qulan» брендінің иесі, кәсіпкер Исмаил Құлан мырзамен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

– «Құлан» бренді қалай қалыптасты?
– «Құланды» жандандыруда 3 негізі мақсат бар. Оның алғашқысы – ислами құндылықтарға негізделсе, екіншісі – қазақы нақышты тұрмыстық қажеттілік қатарына енгізу, үшіншісі – қазақ зиялыларын әлемге таныту. Ислами құндылық дегеніміз – адами құндылық, халқымызды жақсылыққа, адамгершілікке үндеу. Екіншіден, елімізге жан-жақтан әлемдік стиль, киім үлгілері кіріп жатыр. Киіну де мәдениет. Ұлттық нақыштағы киімдерді насихаттамасақ, өзгелерден насихат аламыз. Сондықтан қазақы нақышты насихаттау маңызды.
«Қазақты жамандама, қазақ бала,
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана.
Мәңгілік ай астында, жер үстінде
Қазақтың жанашыры қазақ қана», – деген Күләш Ахметованың өлеңі ойымызды дәл суреттейтіндей. Ал үшінші мақсат көпке түсінікті деп ойлаймын. Қазақ зиялыларын киіммен насихаттау арқылы адамзаттың ұлтқа, тарихи тұлғаларға деген қызығушылығын оятамыз. Мысалы, «Бес арыс» деген топтама бар. Оның ішінде бір ғана Шәкәрімді алсақ, шығармашылығынан өзімізді, адамгершілік жолын танимыз. Абай да, Ахмет бабамыз туралы ұғым да солай. Оларды, олардың шығармашылығын зерттеу, тану – өзімізді, нағыз қазақты тану. Әлем де дәл осы жолмен қазақты білетін болады.
Идея қалай келді десеңіз, отандық нарықта киімге бейпіл, орысша сөз жазу арқылы жастардың санасын улап, сол арқылы сұранысқа ие болып отырғандарды көрдік. Әрине, олардың сыртынан шағымданып, дұрыс немесе бұрыс деп баға беру бізге тән қылық емес. Нәтижесінде өз киімдерімізді нарыққа ұсындық. Арада көп уақыт өтпей-ақ, сұраныс артты. Сондықтан әрі қарай дамытып, көлемін ұлғайтамыз деп нақты шешім қабылдадық. Қазіргі таңда 20 000-нан аса тұрақты тұтынушы бар. Ал брендтің «Құлан» аталуы серіктесім екеуміздің идеямыз. Италиялық, еуропалық брендтерге назар аударсаңыз, атауы иесінің аты-жөнінен құралған, кейін құлаққа сіңіп кеткен. Құлан – менің атамның есімі және серіктесімнің туған жерінің атауы.
Тұтынушы үшін сапа мен бағаның қолжетімділігі ғана емес, киімнің бренд болуы да маңызды. Топтамалар «Бес арыс», «Адам бол» деген сөз тіркестер ерекше сияқты. Бұл кімнің идеясы?
– «Бес арыс» топтамасының дизайны, сөз тіркесі серіктесіміз, кәсіпкер Нұрбол Әзімжанның идеясы. Бес арыс – қазақтың қаймағы, интеллигенттері. Аталған тұлғаларды танығандар қазақты да таниды деген оймен осындай топтама шығара бастадық. Ал «Адам бол» өзіміздің ұлы Абай атамыздың өлеңінен алынды. Бір ғана сөз тіркесі. Бірақ астарында терең мағына жатыр. «Толық адам» қатарына еніп, «Атаның емес, адамның баласы болу» – біздің бір ұранымыз. Қадыр Мырза Әлі: «Адам боп оңай туғанмен, Адам боп қалу көп қиын», – дейді. Ал «Табанды бол» тіркесі – қанша жылдан бері алға жылжуыма түрткі болған сөз. Табандылық мақсатқа жолындағы ең маңызды қасиет деп ойлаймын.
– Киім өндірісі – шығармашылық жұмыс. Дизайн, кішкентай элементтердің өзі ерекше маңызға ие. Дизайнмен кім жұмыс істейді?
– Дұрыс айтасыз, киім өндірісі шығармашылықты, креативті ойлауды қажет етеді. Командамызбен үнемі жаңа идея талқылап, жаңа дизайнды ойластырамыз. «Халыққа қандай киім стилі ұнайды?» деген сұраққа жауап іздейміз. Сонымен бірге киімдердің түсі де ерекше маңызға ие. Бізде дизайнмен Заманбек Кедебай есімді тәжірибелі графикалық дизайнер айналысады.
Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Кәсіпкер ретінде алға қойған жоспар-мақсат көп. Қазақстанның барлық қаласынан дүкен ашқымыз келеді. Дүкен ашудың жолдарын жасап жатырмыз. Автоматтандырылған слайд жүйесі, тапсырыс қабылдау жүйесі жасалуда. Яғни, сатушы тапсырысты қабылдаған бойда өндіріс бөлімі оны тікелей көріп отырады. Орау бөлімі де сәйкесінше әр тұтынушыға қажетті киімнің түсі мен санын қарап отырып, даярлап береді. Яғни, барлығы автоматтандырылған. Қазір осы жүйені толықтай тексерістен өткізудеміз. Жүйені бақылаған соң, бір команда толықтай өзі-өзімен жұмыс жүргізе алатын болса, басқа қалаларға да франшиза шығарып, дүкен санын көбейту ойда бар.
Сонымен бірге қазір бізде басқа елдің киім нарығын зерттеу жұмысы жүріп жатыр. Олардың артықшылығы мен кемшілігін анықтаған соң, шетелде қазақтың ұлттық бренді ретінде «Құланның» филиалын ашсақ дейміз. Басқа мемлекетте жүрген қазақтар да, шетелдіктер де біздің брендке көңіл аударатын күн алыс емес.
Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!