Фото: kabar.kg

KAZINFORM — Аллергия тұқым қуалайтын ауру болғанымен, оны емдеуге болады. Ол үшін мамандар аллергияның нақты неден пайда болғанын анықтап, арнайы әдіс қолданады. Бұл туралы аллерголог Нұргүл Ғаниқызы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

– Маусым айы басталғаннан бастап аллергиямен ауыратын адамдар үшін ең қолайсыз кезеңдердің бірі басталады. Бұл уақытта көз жасаурап, қышып, қызарады, адам жиі түшкіреді. Сонымен қатар мұрын бітеліп, су ағып, кей жағдайларда жөтел мен ентігу де пайда болуы мүмкін, – деді маман.

Оның айтуынша, мұндай белгілердің негізгі себебі – өсімдік тозаңы.
– Дәл осы кезеңде көптеген өсімдік гүлдеп, ауаға тозаң бөледі. Табиғат құлпырып тұрғанымен, аллергиясы бар адамдар үшін бұл оңай уақыт емес. Аллергиялық реакцияны ағаштардың, шөптердің және арамшөптердің тозаңы қоздырады. Қазақстанда олардың ішінде жусанға аллергия ең жиі кездеседі. Сондықтан жаз мезгілінде көптеген адамда аллергия белгілері күшейеді, – деді ол.
Маман аллергия тұқым қуалайтын ауру болғанымен, оны емдеуге болатынын айтты.
– Қазіргі таңда аллерген-спецификалық иммунотерапия деп аталатын тиімді емдеу әдісі бар. Бұл ем Қазақстанда, оның ішінде Астана қаласында да жақсы жолға қойылған және оң нәтижесін көрсетіп келеді, – деді Нұргүл Ғаниқызы.
Маманның сөзінше, емдеу әр науқасқа жеке схема бойынша жүргізіледі.
– Мысалы, адамда жусан тозаңына аллергия болса, біз сол аллергенді белгілі бір мөлшерде енгізу арқылы ағзаны оған біртіндеп бейімдейміз. Нәтижесінде аллергиялық реакцияның қарқындылығы төмендейді. Алайда бұл ем ұзақ уақытты талап етеді, – деді ол.
Сондай-ақ ем тағайындау үшін алдымен аллергияның нақты неден туындағанын анықтау қажет екенін атап өтті.
– Ол үшін арнайы диагностика жүргізіп, талдаулар тапсырамыз. Тексеру нәтижелеріне сүйене отырып, әр науқасқа жеке емдеу жоспарын құрамыз, – деді аллерголог.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі елдегі маусымдық аллергияның ең кең таралған себептерінің бірі – жусан тозаңына аллергияны емдеуге арналған отандық препараттың клиникалық зерттеуінің II кезеңін бастады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!